Фото:Youtube

«Татуировка», «пирсинг», «боди-арт» сияқты сөздердің қоғамымызға етене еніп кеткені қашан. Өкініштісі, жылдан-жылға осы бір теріс әдетке құмартып алған қаракөз қыз-жігіттеріміз көбейіп барады. Бүгіндетәнін суретпен безендіріп, өле-өлгенше құтылмайтын көк жазулармен денесін шимақтап алу сәнге айналған. Тіпті, салт пен санасы бұзылмаған оңтүстік өлкелердің өзінде мұдай жастар жетіп артылады. 

Бүгінде Тараздың өзінде тәнді инемен шаншып сәндейтін мұндай орындардың 15-і бар. Азат Құсманов есімді тату-шебері 15 жасынан бастап өз денесіне сурет сала бастаған. Қазір жігіттің тәнінде 18 түрлі шимақ бар. Айтуынша аптасына аз дегенде 10 адам келеді екен алдына. Қазір де кезектісін қабылдап отыр. Бұл да бір өзінше өнер, — дейді. Түбі қазақ болғанмен ділі мен түрі бөлек жігіттің тірлігі бұл.

«Татуировка бұл біз үшін қазір өнерден де артық. Себебі біз жиі ізденісте боламыз. Мұнда барлығын жаңартып отыру керек.Сол себепті де Алматыдағы мамандармен жиі кеңесіп, барып тәжірибе алмасамыз. Жалпы, суреттің құны 5000 теңгеден басталады. Қиындығы мен жасалатын жұмысына қарай», — дейді тату шебері Азат Құсманов.

Оның айтуынша, мұндағы құрылғыларды олар Ресейдің Санкт-Петербург пен Мәскеу қалаларынан арнайы алдырады. Әр қолданыс сайын инелері ауыстырылып, жаңасын қолданады-мыс. Қауіпсіз дейді. Деседе, бұл тұрғыда медицина мамандарының мәліметі тым бөлек. Суретке қолданатын бояулар қатерлі ісікке шалдықтыруы әбден мүмкін. Құрамындағы токсиндер көкбауыр мен бүйрекке теріс әсерінтигізеді, -дейді ақ халаттылар.

Татуировка тек рухани құндылықтарымызға сызат түсіріп қана қоймай, адам денсаулығына да кері әсерін тигізуде. Бұл соңы емес. Сонымен қатар асыл дінімізде де бұр әрекет харам істер қатарына шығарылған.

Иә, шетелге еліктегеніміз соншалық, соңғы жаңалықтар мен өзгерістерді тез-ақ меңгеріп аламыз. Өкініштісі, жақсысын емес. Тәнге түскен жазбалар азып-тозудың, азғындалудың белгісі екенін көп жастар түсіне бермейді. Ал, денсаулықтың қадірін білетін біраз мемлекеттер мұндай жат әрекеттерге әлдеқашан ресми түрде заңмен тыйым салған екен.

Мерей БАЕТ