Фото:Sputnik Казахстан

Казгидрометтің ескертуіне сәйкес, алдағы уақытты Жамбыл облысында кей жерлерде 39°С қатты ыстық,   кей жерлерде  41°С ыстық болады. Ал Тараз қаласында температура 38-40 °С деген көрсеткішке жетеді екен. 

Осындайқатты ыстық кезінде қалай қорғану интернет бетінде түрлі кеңестер жүреді. Солардың барлығы қаншалықты дұрыс, қаншалықты тиімді? Назарларыңызға Baq.kz сайтының материалын ұсынамыз.

Суық сусынды көбірек, ыстықты азырақ ішу

Күн қатты ыстықта сұйықты көбірек ішу — дұрыс нәрсе: бұл дененің сусызданбауы, сөйтіп бүйректі қорғау үшін аса маңызды. Бұған бәрі келіседі. Алайда, мұздай суық сусын ішу керек пе, әлде ыстық па деген сауал төңірегінде келіспеушілік бар.

Ыстық сусын ішу қажеттігі туралы пікір ыстық сусын сізді іштен қыздырып терлетеді, осылайша салқындайсыз дегенге сүйенеді. Адам денесі сағатына екі литрге дейін тер бөле алады, осының арқасында сіз дене температуасын әжептәуір төмендетесіз.

Алайда, тер болып шыққан сұйықтың орны толмаса, көп ұзамай дене сусызданады, осы себепті кейбіреулер ыстық сусынды мүлдем ішпеген жөн деп есептейді. Сонымен қатар шай немесе кофені тым көп ішпеу керек, өйткені олардың құрамында денені сусыздануға апаратын кофейн бар деген пікір айтылады. Дегенмен, қалыпты мөлшердегі кофейннің денедегі суды қуатыны туралы мәліметтер аз.

Ал кей зерттеулер ыстықта суық су ішудің пайдалы екенін дәлелдейді. Мәселен, бір зерттеу кезінде қатысушылар ауыр жаттығулар жасап, сосын олардың суық және ыстық сусын ішкен кездегі дене температуралары өлшенді. Сөйтіп, суық су денені салқындатуға тиімді көмектесетіні анықталды.

 Желдеткішті қосу

Вентилятордан соққан желдің арқасында бір рахаттанып қаласыз. Бірақ желдеткіш ауаны суытпайды, ол тек ауаны ары-бері қуалайды да, пайда болған жел терді кептіру арқылы дененің салқындауына көмектеседі. Желдеткішті адамдар көп қолданады. Тіпті, ыстық ұрып ауырған үш науқасты тікұшақтың вентилаторынан соққан жел арқылы салқындатқаны туралы ақпарат бар.

Сонымен қатар ауа дымқыл болса желдеткіштің тиімділігі төмендейді. Өйткені, ауа айналып тұрғанмен, ол дымқыл болғандықтан тердің булануы қиындайды. Бірақ температура 35 градустан асып кетсе, желдеткішті өшірген дұрыс.

Ыстықтың денсаулыққа әсері кәрі адамдарды ғана мазалуы тиіс пе?

Күн қатты ыстықта ауруханаға түсетіндер көбейетіні және олардың басым бөлігі қарттар болатыны рас.

Дене температурасы 36 мен 37,5 градус аралығында болған кезде адам өзін ең жайлы сезінеді. Егер ауа температурасы небәрі 1 градусқа көтерілсе, оны адам терісіндегі терморецепторлар, терең тканьдер және органдар бірден сезеді. Айналадағы температура дене температурасынан жоғары болса, біз салқындау үшін терлей бастаймыз. Сонымен қатар жылу бөлу арқылы дене қанды қол мен аяққа қарай көбірек айдайды, осы себепті біз түнде қол-аяғымыздың қызып жатқанын сеземіз.

Алайда, бұдан күннің қатты ысуы тек қарт адамдарға қауіпті деген қорытынды шықпайды. Балалар мен созылмалы ауруы бар адамдарға немесе қимыл-қозғалысы қиын болғаны себепті терезені ашуға, сусын алып ішуге қиналатын жандардың бәріне қатерлі.

Күндіз-түні қатты ыстық болса, адам денесінің салқындауы аса қиындайды. Кей есептер бойынша, 2003 жылғы ыстық Еуропада 30 мың адамның, ал кей мәліметтерге сенсек, 70 мың адамның өліміне себеп болған. Францияда өлген 15 мың адамның 1321-інің жасы 64-тен төмен болған.

 Терезелердің бәрін ашып қою

Күн қатты ысыған кезде бәріміздің бірінші әрекетіміз — терезелерді ашу. Бірақ күні бойы ашық тұрса, оның әсері керісінше болуы ықтимал.

Сырттағы ауа температурасы іштегіден салқындау болса ғана терезені ашуыңыз керек, мұндай жағдай көбіне түнде болатыны белгілі. Ал аса ыстық кездері күндіз терезені жауып қою қажет, өйткені, көлеңке болғандықтан іштегі ауа сырттағыға қарағанда салқындау болады. Терезелерді ашу арқылы ауа алмасып, аздаған жел соғады деп ойлауыңыз мүмкін, бірақ сырттағы ауа тым ыстық болса, салқындай алмайсыз. Оның үстіне егер ауада тозаң мөлшері көп болса, терезенің ашық тұруы аллергияны қоздырады.

Сырттағы температура іштегіден ыстық болса, терезені ашпау керек. Ал түнде ашып қойса, ыстықта ол жақсы көмектеседі.

Маңызды ақпарат: Бұл мақалада тек жалпылама мәліметтер айтылған, сондықтан оны дәрігер немесе басқа да маман кеңесінің орнына пайдаланбау керек. ВВС және мақаланы аударып жариялаған Baq.kz сайт материалдары негізінде жасалған диагноздар үшін мойнына жауапкершілік алмайды. Егер сізді денсаулығыңыз мазаласа, онда дәрігерге баруыңыз қажет.