Ауданымызға қарасты ең шалғайда орналасқан округтердің бірі Қошқарата ауылдық округі екені белгілі. Осыдан біраз жылдар бұрын басталған урбанизация үдерісі округтің тұрғындарының санын біршама кемітіп жібергені белгілі. Оған алыс ауылдағы тұрмыстық қиын жағдай, басқа да әлеуметтік мәселелердің әсер етіп отырғаны жасырын емес. Бұл округтен адамдар көшпесе, көшіп келіп жатқандар тым аз. Аталған ауылдық округке қарасты Қызтоған ауылында жағдай тіптен басқаша. Шағын ауылдың тұрғындарының дені жан-жаққа қоныс аударып кеткен. Көшелерге кірсең бос тұрған үйлер көптеп кездеседі. Оның арасында адам тұрмағандықтан бұзылып кеткен шаңырақтар қаншама. Бүгінде аталған ауылдық округтегі 264 аулада 1605 тұрғын бар. Елімізге танымал талай тұлғаларды тудырып, түлеткен қасиетті ауылдағы жағдай әзірше осындай.

Осындағы Сәбит Мұқанов атындағы негізгі мектептегі оқушылардың да саны аз. Өткен жылға дейін негізгі мектеп болып жұмыс жасап келген білім шаңырағы бала санының аздығына байланысты бастауыш мектеп болып қалды. Мектеп директоры Ләззат Панееваның сөзінше, қазір мектепте 17 ғана оқушы білім алып отыр. Осыны ескерген аудан басшылығы биылғы жылы алыс ауылдардағы бос тұрған үйлерге көпбалалы отбасыларды көшіруді қолға алып отыр. Жақында ғана Елорда күні мерекесіне орай Қызтоған ауылында үш отбасына үй берілді. Бұл жұмыстар «Б.Момышұлы атындағы қоғамдық қорына» аударылған демеушілердің қаржысымен жүзеге асырылып отыр.

Үйлі болған отбасылардың қатарында Нұрлыгүл Есімбекованың да отбасы бар. Жалғызбасты ана осыған дейін Диқан ауылында тұрып келген. «Үйі жоқтың күйі жоқ» демекші, төрт баласы бар ананың өз үйі болмағандықтан тұрмыс жағдайы да жақсы болмаған сияқты. Ол Қошқарата ауылдық округінен үйлі болғанына қуанышты. – Өзім жалғызбасты ана болғандықтан төрт баланы бағып-қағу да оңай емес. Осыған дейін Диқан ауылында, аудан орталығында пәтер жалдап жүрдік. Көп қиыншылықтарды бастан кешірдік. Алыс ауыл болса да осы ауылдан өз алдымызға жеке үй берген аудан басшылығына алғысымды білдіремін. Балаларым енді осындағы мектепке барады. Өзіме де жұмыс табылып қалатын шығар. Құшақ жайып қарсы алып жатқан ауыл халқына ерекше рақметімді айтқым келеді. Ауыл әкімшілігі ұйымдастырып осында көшіп келген отбасыларға көрсетіп отырған көмектеріне Алла разы болсын,- дейді Нұрлыгүл Есімбекова.

Ауыл тұрғындарының қуанышын бөлісуге аудан әкімінің орынбасарлары Асхат Жабағы, Ербол Жаңабаев, аудандық әкімдіктің ішкі саясат және тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшылары Марат Нарымбеков, Ерболат Сейітбеков арнайы барды. Алғашқы сөз аудан әкімінің орынбасары Ербол Жаңабаев беріліп, ол бұл игілікті шараның елдегі жүргізіліп жатқан әлеуметтік қамқорлық аясында жүзеге асырылып отырғанын баса айтты. Одан кейін сөз сөйлеген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауыл имамы Нұрмахан Таңатаров ауылға отбасылардың көшіп келіп жатқанын жақсылыққа балап, ауылдық округте тұрақтылық пен ынтымақ болуына тілектестік білдірді.

Айта кету керек, осында қоныс аударған отбасыларға ауылдық мешіт жамағатының және кәсіпкерлердің қолдауымен бір-бір қойдан, екі кілемнен, сонымен бірге азық-түліктей көмек көрсетілді. Ауылдық округтің әкімі Жәнібек Мырзалиев ауылға алдағы уақытта да көшіп келуге ниет білдірген отбасыларға қолдау шаралары көрсетіле беретінін айтады. 

Нұржан МАНАСҰЛЫ, «Жаңа өмір»