Өңірге жұмыс сапарымен Парламент Мәжілісінің депутаттары Әбдіманап Бектұрғанов пен Қожахан Жабағиев келді.  Мақсат біреу. Президент жүктеген 10 міндетті іс жүзінде жүзеге асырып, халықтың тұрмысын сапасын жақсарту. Сондықтан қос депутат әлеуметтік нысандарды аралап, жұмыс барысын көзбен көрді.  Бұдан бөлек, кәсіпорындарға да атбасын бұрды. 

Жылына 80 тонна  сүт өңдеуге қауқарлы «Көкжиев-2030» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі былтыр құрылған.  Кәсіпорын  толығымен автоматтандырылған жүйеге көшкен. Яғни, өткен жылдың соңында қайта кеңейтіліп, модернизиацияланды.  Бұл инвестиция тартудың жемісі. Ал зауытқа қажетті шикізат Жуалы, Жамбыл, Байзақ аудандарынан жеткізіліп отыр. Өз кезегінде, зауыт басшысы депутаттарға шаруалардың жағдайын жақсарту бойынша ұсыныс-тілегін жеткізді. Бұл арқылы өнімнің көлемі артып, сұраныстың молаятынына сенім мол.

Кәсіпорын жетекшісі Әбдіғали  Бегімбетов бүгінде 4 ауыл шаруашылығы кооперативімен бірлесе жұмыс істеп отыр.  Болашақта тағы  10 кооперативпен бірігіп,  сүт өнімдерінің көлемін еселемек ниетте. Ал жұмыс сапарымен келген депутаттар  коперативтің құрылуы, ауыл халқының оған біругі табыстың негізгі көзі екенін атап өтті. Бұл тиімді іс халық әл-ауқатының артуына сеп болса, бір жағы ішкі нарықтағы өнімдерге деген сұраныс жоғары болмақ.

 «Асқар Исабекұлының басшылығымен қазір облыста біраз коперативтік, жалпы мынау жұмыстарды жандандырып, 80-90 процент ішкі өнімді ауыл шаруашылығы беріп жатқан жеке шаруа қожалықтарын, үйдің жанындағы өндірістерді қалай қолға алып, халықтың тұрмысын қалай көтеру керек сынды мәселелер бірінші тұр. Былай қарасаңыздар, өңірлердің дамуының өзі өте әртүрлі. Атырау мен Маңғыстау жақ газбен мұнай болатын болса, біздің Жамбыл облысының тұрғындары көбінесе, ауыл шаруашылығымен айналысады. Сол үшін Жамбыл облысының экономикасының драйвері — ауыл шаруашылығы болу керек», — дейді Парламент мәжілісінің депутаты Қожахан Жабағиев.

 Қазіргі таңда сүт және ет бағытындағы өндіріс орындарын цифрландыруға ерекше көңіл бөлініп отыр.  Ал «Көкжиек-2030» серіктестігі соның айғағы. Ал жұмыс сапарының қорытындысы бойынша депутаттар кәсіпорынға ерекше баға  беріп, еңбек ұжымының алдағы жұмысына сәттілік тіледі.