Фото:ГТРК "Южный Урал"

Таразда тандыр наннан шеге шықты. Қала тұрғыны Лаура Азатбекова әдеттегідей үйіне көршілес дүкеннен нан сатып алады. Алайда азаматша алған асында темір барын тіптен байқамаған. Абырой болғанда темірі бар ас тамақтан өтпепті.  Қала тұрғыны наразылығын білдіріп дүкенге барады. Мұндағылар, нанның тараздағы цехтардың бірінен әкелетінін айтады. Наубайхананы іздеп, нанның қандай жағдайда пісірілетініне көз жеткізу үшін телеарна тілшілері шағын зерттеу жүргізді. Бейнематериалға зер салыңыз!

Шаһардағы 9 мөлтек ауданының тұрғыны Лаура Азатбекова әдеттегідей дүкеннен нан сатып алады. Түстік ішіп отырып, бөлінген наннан шегені байқап қалып, бейнекамераға түсіреді. Шағымданушы азаматша  шегені балалардың жұтып қоймағанына шүкіршілік етеді.

Лаура АЗАТБЕКОВА —  ТАРАЗ ҚАЛАСЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ

 Жаға ұстарлық жағдайдан хабардар болса да дүкендерге нан тасымалдаушы сол наубайханадан сатып алуды тоқтатпаған.Әлгі, сауда дүкенінен істің мән-жайын білмек болып келгенімізде тандыр нанды өткеріп жатқанына куә болдық. Түсірілім тобын көрген азамат сауалымыздан жалтарып, қаша жөнелді. Әйткенмен әлгі нан тасушы көлігінің соңына түсуге бекіндік. Біздібайқаған ол ереже бұзып,тіпті жолды бөгеймін деп жол апатына да түсе жаздадық.

Ақырында, тығырыққа тіреліп, қайда қашарын білмеген жүргізуші тілдесуге келісті. Сөзіне сенсек тек нан тасушы қызметкер ғана. Шарасы таусылған ол наубауханаға апаруға келісті.

Шағын ғана сарайдың ішінде орналасқанмына наубайханадағы санитарлық талапты сөзбен айтып жеткізу мүмін емес. Ас атасы құжынаған шыбын-шіркей, лас ыдыстар, ескі-кір көрпеге оралған қамыр, шаң үстелдер, темекі тұқылы толып жатқан жерде дайындалады. Қамырды ашытатын су мыналас кәстрөлде қайнап жатыр. Ашыған қамыр жерде жатқан шылаужынға салынады. Ақ халат тұрмақ үсті-басы кір-қожалақ, тырнағы көрім аспаз – Өзбекстан азаматы. Алғашында ол бейнедегі менің наным емес деп ақталуға тырысты. Әйткенмен, тандыр наннан шыққан шеге мен қамыр тұрған үстелге қағылған шегенің сәйкестігін көргенде еріксіз мойындауына тура келді.

Ал, шағымданушының арызын арқалап Жамбыл облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінебардық. Сорақысы сол, мұндағы  мамандар дәл қазір тікелей тексеріс жұмыстарын жүргізуге қауқарсызбыз деп отыр. Өйткені,  жеке кәсіпкерлікті қорғау заңы бойынша қазір тексеріс жүргізу үшін әуелі шағым түсу керек, одан кейін прокуратураның рұқсатықажет. Оның өзі апталап созылатын жұмыс көрінеді.

Махфуза ДАВИЛОВА

ҚОҒАМДЫҚ ТАМАҚТАНУ ОБЪЕКТІЛЕРІНДЕ ЖҰҚПАЛЫ ЕМЕС АУРУЛАРДЫ БАҚЫЛАУ ЖӘНЕ ҚАДАҒАЛАУ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ

Осылайша, жеке кәсіпкерді қорғаймыз деп жүріп, жалпы халықтың өмірін қатерге қоятын заңның солқылдақ тұсы жетіп артылатын көрінеді. Бүгінде мемлекет жасаған мәрттікті түсінбеген кей кәсіпкерлер салғырттыққа салынып, жауапкершіліктен жалтарып,  құнығып бара жатқандай. Оған дәлел, соңғы жылдары елімізде осыған дейін нан ішінен көртышқан, қоңыз, нәжіс пен мүшеқаптың шығуы. Қазіргі Заңға өзгерістер енгізіп, тамақ өндірісі мен мейрамхана, дәмхана бизнесімен айналысушыларға талапты өзгертіп, жиі тексеріс жүргізу керек, дейді тұрғындар.

Телеарнамызға шағымданушы Лаура Азатбекова енді ресми түрде құзырлы мекемеге арыз тастамақшы. Ол аймақтағы барлық тандыр наубайханаларында осындай жағдай екендігіне сенімді. Тұтынушы ретіндегі ендігі тілегі – осындай оқиғалар сабақ болып, түрлі мекемелер барлық тандыр наубайханаларына тексеру жүргізсе, дейді.

Мұндай санитарлық жағдай тек бір ғана цехта емес. Барлық тандыр наубайханаларындағы жағдай міне осындай! Ал, халыққа ас ұсынып, денсаулығын қатерге қойып отырған кәсіпкерлер қашанғы заңсыз жұмыс істемек?  Тексеру жүргізіп,  кім немесе қандай мекеме ретке келтіреді? Әлде, салғырттық пен салақтыққа бой алдырғандар мен антисанитарлық жағдайдағы  наубайханаларды ретке келтіру үшін әдеттегідей қайғылы жағдайдың орын алғанын күту қажет пе? Ас адамның арқауы десек, мараториді желеулетін өзімбілермендіктің жалына жармасқандарды жауапқа тартатын уақыт жеткен сыңайлы!

Д.Бақытбек, А.Байтемір «77ньюс»