Ақтөбе ауылдық округінің қос бірдей ұланы әлем елдері ат қосқан аламанға қатысып, жүлдемен оралды. Атап айтсақ, 2004 жылы Бәйтерек ауылында туған Әбдінұр Нұрланбек Венгрия Республикасының Будапешт қаласында өткен Бүкіләлемдік оқушылар арасындағы жекпе-жек ойындарының чемпионы атанды.

Қазіргі таңда облыс орталығындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернатта білікті бапкерлерден тәлім теретін жас балуан Әбдінұр бұған дейін жасөспірімдер арасында Қазақстан Республикасының екі дүркін чемпионы, 2018 жылы еркін күрестен кіші жасөспірімдер арасында Иран Ислам Республикасының астанасы Тегеран қаласында жалауы желбіреген Азия чемпионатында күміс жүлдеге қол жеткізгенін мақтанышпен айтуымыз керек.

Ақтөбе ауылдық округінен қанат қаққан тағы бір жас балуанның бірі – Ғасыр Тұрғынбай. Ол еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері. Қазақстан Республикасы Ұлттық құрама командасының мүшесі. Есту қабілеті зақымданған спортшылар арасындағы ел чемпионаттары мен спартакиадалардың бірнеше д ү р к і н ж е ң і м п аз ы . 2 0 1 8 ж ы л ы Ресей Федерациясының Владимир қаласында өткен ересектер арасындағы әлем чемпионатының, сондай-ақ Ирандағы жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері. Ғасыр Мадиярұлы Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Ерназар Қонысбаевтың қол астында жаттығып жүр.

«Сүйер ұлың болса, сен сүй, Сүйінерге жарар ол» деп хакім Абай өсиет еткендей, аудан әкімі Нарбай Ергебеков бәсі жоғары әлемдік жарыстарда олжа салған спортшылар Ғасыр Тұрғынбай мен Әбдінұр Нұрланбекті жарқын жеңістерімен құттықтап, Алғысхатпен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Сонымен бірге спортшыларға ауданымыздың даңқын асқақтатып, жарқын жеңістерге жете беруіне тілектестігін білдірді.