Облыс  әкімдігінің  кәсіпкерлік және индустриялды-инновациялық дамыту  басқармасына жаңа басшы тағайындалды. Бұдан былай бұл қызметті Жеңіс Сариев Болатұлы атқаратын болады. Жаңа басшыны ұжымға облыс әкімінің міндетін атқарушы Нұржан Календеров арнайы барып таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.

Жеңіс Сариев  1975 жылы Жамбыл ауданы,  Аса ауылында туған. Білімі жоғары.  М. Х. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін агроөнеркәсіп кешеніндегі экономика және менеджмент мамандығы бойынша, Қ. А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша тәмамдаған. Үйленген, 5 бала тәрбиелеп отырған әке. Еңбек жолын Жамбыл ауданы, Аса совхозында жұмысшы болып бастаған Ж.Болатұлы әр жылдары Жамбыл ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің 3-ші бөлімше бастығының көмекшісі, аға көмекшісі, Жамбыл ауданы әкімі аппаратының кадр және мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің бас маманы, басшысы, Жамбыл ауданы әкімдігінің ішкі саясат және  тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімдерінің  басшысы қызметтерін жемісті атқарған. Сондай-ақ, облыс әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары,  ұйымдастыру бөлімінің басшысы, облыс әкімінің бас инспекторы болып еңбек еткен.  Бүгінге дейін облыс әкімі аппаратының инфрақұрылымды дамыту бөлімінің басшысы қызметін атқарып келді Мемлекеттік қызметте айтарлықтай тәжірибесі толысқан Жеңіс Болатұлына өңір экономикасын өркендетуде, кәсіпкерлік саласын дамыту жолында зор сенім артылып отыр. Өз кезегінде басқарма басшысы  салаға серпін беру жолында аянбай тер төгетінін жеткізді.