Фото:Новое Телевидение

Соңғы жылдары елімізде көлік инфрақұрылымын дамыту жұмыстары кең көлемде қарқын алған. Жер-жерлерде республикалық маңызы бар жолдармен қатар, ауыл-аймақты жалғайтын тас жолдар жөнделу үстінде. Бұл игі үрдістен Қордай ауданы да шет қалмай, шалғай жатқан ауылдарға кезең-кезеңімен жол салынып, тұрғындардың тілегі ескеріліп келеді. Нақтырақ айтсақ, жақында аудан басшылығының бастамасымен Бәйтерек және Ауқатты ауылдарының арасын жалғайтын жаңа тас жолдың құрылысы басталды. Автожолының құрылысына бас-аяғы 484 млн 804 мың теңге қаражат бөлінген.

Бас мердігер «Прогресс KZ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мен құрылыс жұмыстарын мойнына алған «АрсикоСтройИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бөлінген қаражатты екі жылда игеріп, 7,4 шақырым жолға асфальт төсемек Қазіргі таңда Ауқатты ауылдық округке қарасты  Бәйтерек ауылының кіреберіс тұсына арнайы техника тартылып, мердігер компания жолдың ауылішілік бөлігіне тақтайдай түзу асфальт жол төсеп үлгеріпті. Учаске басшысы Әзен Сақұловтың айтуынша, осы бөлікке 3150 текше метр қиыршық тас, тегістеуіш қабатқа 600 текше метр тас және 1700 тонна асфальт жұмсалған екен. Ал, Бәйтеректен Ауқатты ауылына барар жолға мердігер жаңадан кіріскен. Түрлі техника жолды тегістеп, жүк көліктері бірінен соң бірі топырақ төгіп, бірінші қабатын түзуде.

Нұрлыбек КЕНЖЕБАЕВ СЕРІКТЕСТІК БАСШЫСЫ

 Бүгінгі күні Бәйтерек ауылының ішіндегі 1,5 шақырым жолға асфальт төсеп қойдық. Учаскеде барлығы оннан астам техника мен 20 жұмысшы еңбек етеді. Әзірше, барлық межеленген жұмыс жоспарға сай жүруде. Жұмысты кешеуілдетпей уақтылы аяқтаймыз деген ойымыз бар.

Бұл игі бастамаға әсіресе ауыл тұрғындары дән риза. Талай жылдан бері көкейде жүрген арман орындалып, қатынауымыз әлдеқайда жеңілдейтін болды дейді олар.

Хия ДЖАЛУТТЕ АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ  

Бұған дейін бізге аудан орталығына қатынау өте қиынға соғатын. Әбден тозығы жеткен бірнеше шақырым жолды жүріп өтудің өзі бір қиямет еді. Жүргізушілер көлігін жөндеуден шаршаса, көлігі жоқтардың жағдайын айтпаса да белгілі. Жаңа жол салынады дегенді естігенде қуаныштан бөркімізді аспанға лақтырып, демімізді ішке тарттық. Осындай шағын ғана ауыл тұрғындарына деген қамқорлығы үшін аудан басшылығы мен жаздың аптап ыстығында осында тер төгіп жүрген жұмысшыларға үлкен алғысымызды айтамыз.

Бас мердігер келер жылы жол құрылысын толық аяқтауды жоспарлап отыр. Аз ғана уақытта қос ауылдың тұрғындары тақтадай түзу жолмен аудан орталығына қатынап, жолға кетер уақытты айтарлықтай қысқартпақ.