Бүгін облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың төрағалығымен өткен жиында «Шахристан» тарихи-мәдени кешенінің құрылыс барысы қаралды.  Ондағы құрылыс жұмыстарына жауапты штабтың есебі тыңдалып, жан-жақты сараланды. Аталмыш кешен қоңыр күзде тойлануы жоспарланған облыстың 80 жылдық мерейтойына дейін толығымен аяқталып, пайдалануға беріліп үлгерілуі тиіс.

Кешеннің құрылыс жұмыстарының бүгінгі таңдағы қарқыны көңіл көңшітпейтіні жиында ашық айтылды.  Осыған аса назар аударған аймақ басшысы құрылыс жұмыстарын жандандыра түсу керектігін баса айтты. Ол үшін екі ауысымдық режимге негізделген жаңа жұмыс кестесі бекітілді. Сол бойынша мердігерлердің  жұмысы ширатылып, қарқыны күшейтілмек. Алайда, өңір басшысы уақыттан ұтамыз деп, құрылыс сапасын назардан тыс қалдырмау керектігін қатаң ескертті. Ол ғана емес, ендігі кезекте жұмыс режимінің өзгеруіне байланысты, құрылысқа қажетті материалдарды уақытылы жеткізіп отыру жайы да сөз болды. Бұл орайда материалдарды өндірушілермен  алдын-ала келісімге отырып, қажетті бұйымдарды күні бұрын дайындатқызып қоюдың маңыздылығы айтылды.

Облыс басшысы бұл жұмыстарды күнделікті өз бақылауында ұстайтынын жеткізіп, тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.