Күні кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметов  облыс орталығын аралап, аймақтағы құрылыс жұмыстарының бәрін көзбен көрді.  Өз кезегінде, аймақ басшысы  құрылыс сапасының  қатаң бақылауда болатынын жеткізді.  Толығырақ тілші тарқатсын.

Аймақ басшысы Асқар Мырзахметов жарты күндік жұмыс жоспарын Тараз қаласын аралауға арнады. Әуелгі нысан 362 га аумақты алып жатқан 15-ші шағын ауданы болды. Мұнда биыл 26 көп қабатты тұрғын үй ел игілігіне берілмекші. Оның ішінде 240 пәтердің кілті әлеуметтік қолдауды қажет ететін көпке үлестіріледі. Құрылыс барысымен танысқан облыс әкім3 бас сәулеттен ауытқып кетпеуге мән беру керектігін ескертті. Бұдан кейін, Асқар Исабекұлы  құбырлары ауыстырылып жатқан көшелерді  барлап қайтты.  Жалпы, шаһарда 71 шақырымдай жер қазылған.  Расын да, бұл жұмыстар елге қолайсыз  жағдай туындағанын жасыруға болмас.  Бірақ  бүгінде қолданыстағы құбырлардың 80 пайызының тозығы жеткен.  Бұл тұста бюджет бүйірінен бөлінген қаржы өзге өңірлерге қарағанда Жамбылда көп. Соған сай негізгі құбыр  жаңарып қалмақшы.  Айта кету керек,  бұған дейін өңірде мұндай көлемде  жаңғырту жұмыстары болмаған. Ендігі мәселе қазу бар да жабу бар.  Облыс әкімінің қойып отырған  міндеті де осы болып  отыр. Яғни, бос көміктің үстінен асфальт төсей салу деген болмау керектігін ескертті. Жамалған жер жамау емес кедірі жоқ тұспа-тұс келу қажет. Яки «іс бітті қу кеттінің» кері болмау керек. Сондықтан жауапты мердігермен келісімшарт жасасқанда дәл осы пункт қызылмен жазылады. Егер нақты істе нәтиже нөл болса айып пұл салу қажеттігін баса айтты. Бәрін айт та бірін айт. Келесі жылдан бастап Таразда ыстық су жыл он екі ай берілетін болады

Нұржан АЛДАМЖАРОВ   ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

Тараздықтар үшін тағы бір мәселе жуық арада оң шешімін таппақшы. Ол оңтүстік айналмалы тас жолы. Жалпы қашықтығы 16 км құрайтын күре жол шаһардың шалғай жағымен Жамбыл ауданының 12 елді мекенін жалғайды. Осылайша төтесінен жол салынбақшы. Бүгінде құрылыс жұмыстары қарқынды. Биыл 4 шақырымын төсеп үлгереді. Жалпы жоба 18 айға жоспарланған. Алайда мердігер межелі мерзімнен бұрын аяқтаймыз деп сендіреді. Әкімнің аралауы «Алаш арена» спорт кешенімен аяқталды. Жеке кәсіпкердің қаржысына бой көтерген нысан футбол ойнауға таптырмайтын алаң. Айта кетейік Асқар Мырзахметов бұл бағытта жұмыстарды саралап қалаға осындай қанша кешен керектігін анықтауды тапсырған. Нәтижесінде 86 деген тізім шықты. Биыл соның 51-де теңбіл доп турнирі өтеді. Жалпы облыстың сексен жылдығына қамдықтың бір парасы осы-ақ.

Аят Асқарбекұлы, Марат Таубаев, «77news»