Фото:kp.ru

Жақында ғана «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының аясында инновациялық жобалар байқауы өткізілді. Сайыс нәтижесі бойынша, жеңімпаз 158 жобаға 3 млн теңгеге дейінгі грант беріледі. Дегенмен соңғы кезде әлеуметтік желіде осы байқауға қатысты түрлі пікірлер айтылып жүр. Сондықтан ұйымдастырушылар мен әділ қазылар алқасы қатысушылар мен бұқаралық ақпарат құралдары үшін арнайы брифинг өткізіп, көпшілік көкейіндегі сауалдарға жауап берді.

Жастар жылына орайластырылған байқауға бюджеттен 324 млн теңге бөлінген. Облысымыз бойынша 466 өтініш түсті. Комиисия мүшелері  158-ін ғана қаржыландыруға лайық деп тапқан, 21-і мүгедек жандар. Орта есеппен әр жобаға 2 млн теңге тиесілі. Бірақ бөлінген қомақты бюджет жөніне жұмсалды ма? Сауалға себеп — байқау нәтижесі жарияланғаннан кейінгі әлеуметтік желіні кезген қауесет, әділетсіздік туралы әңгімелер. Көпшілігін алаңдатқаны — байқау аяқталғаннан кейін бір аптадан астам уақыт өтсе де толық тізімнің жарияланбауы. Тіпті жеңімпаздарды комисся мүшелері де білмейтін болып шықты.

Конкурстың өтуіне жауапты кәсіпкерлік басқарма мамандарының сөзінше, барлық мәліметтер, яғни ұтып алған қаржы мөлшері, кәсіпкерлік туралы қосымша деректер жеңімпаздармен келісілуі керек көрінеді. Бірақ дауыс есептеу кезінде де олқылық анықталды. Тек жауабын беретіндер табылмай тұр. Комиссия төрағасының сөзінше, олар тек  жобаны бағалайды. Ал жалпы дауысты есептеп, қорытындысын шығаратындар басқарма мамандары дейді.

 Олжас Қаржауов / «АТАМЕКЕН» ҰКП ДИРЕКТОРЫ

«… Менің дауысым басқа комиссия  мүшелерінікі тәрізді есептелді. Мен де басқалар тәрізді дауыс бердім. Бірақ ұйымдастыру жұмыстарына, есептеуге біз жауапты емеспіз. Осы жерде басқарма мамандары отыр, соларға сұрақ қойыңыздар…»

Әр сауал сайын кемшіліктің құлағы көріне береді. Қатысушылар сөзінше, байқаудың өтетіндігінен барлығының бірдей құлағдар болмаған, ал  комиссия мүшелері жоба презентациясына бірдей қатыспаған. Түсініктеме берген ұйымдастырушылардың өздері де темірдей тәртіптің болмағанын айтады.

Дамир ЕГІЗБАЕВ

ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ИНВЕСТОРЛАРҒА ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ, ЖОБАЛЫҚ БАСҚАРУ ЖӘНЕ ЦИФРЛАНДЫРУ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАСШЫСЫ

«Және сіздердің наразылықтарыңызға, БАҚ-та жарияланған мәселелерге қатысты. Қазір бір зерттеу жүргізіп жатырмыз. Мойындау керек, ұйымдастыру жағынан олқы кеткен тұстары болды. Келесі жолы барлығын ескереміз деген ойдамын.»

Жеңімпаздардың толық тізімі жарияланбағандықтан жобалардың қаншалықты инновациялық екендігі, қандай салаларға басымдық берілгендігін анықтау қиын. Ал олардың алдағы жұмыс барысын «Даму» қоры қадағалап, мониторинг жасап отырады. Егер кәсіпкерлердің ісінен кемшілік табылып, жобаның жұмысы аяқталса қаржы қазынаға қайтарылады дейді мамандар.

Ақсәуле Әбітай, Санат Аралбек 77ньюс