Жамбыл облысы алдағы жылу маусымына толықтай дайын болады. Күні кеше осы мәселе облыс әкімдігінде өткен алқалы жиында талқыланды. Сондай-ақ, басқосуда  жаңа оқу жылына дайындық барысы да пысықталды.

Кеңес барысында  әуелі жылу  маусымына қатысты мәселелер  жан-жақты талқыланды.  Айта кету керек, бүгінгі күнге дейін бюджеттік мекемелердің жылыту жүйелері 80 пайызға дайын. Оның ішінде, ережеге сәйкес,  білім орындары  1 қыркүйекке дейін, ал қалған тұрғын үйлер сынды нысандар 1 қазанға дейін жылумен толықтай қамтамасыз етіліп бітуі тиіс. Бұдан бөлек, жергілікті тұрғындарға түсіндіру жұмыстары да жүргізілуі керек.

 Нұрлан АЛДАМЖАРОВ          ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ ТҰРҒЫН ҮЙ-КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫНЫҢ БАСШЫСЫ

/…бұл жерде қазіргі таңда білім нысандары негізі жоспарға сәйкес,  қыркүйекке дайын болуы керек. Қазіргі таңда кестеге сәйкес,  толық дайын болады.  Ал қалған нысандар 1 қазанға дейін дайын болады. Көмір тасымалдау бойынша, негізі жоспар бойынша бюджеттік мекемелерге бірінші  қазанға дейін толық тасымалданып біту керек.  Қазіргі таңда бізде 30 пайыз көмір тасымалданды.  Қалғанын 1-ші қыркүйекке дейін толық тасымалдайтын боламыз…/ 

Сондай-ақ,  жаңа оқу жылына дайындық барысы да сөз етілді. Онда білім саласына қатысты бірқатар мәселелер көтеріліп, тапсырмаларды белгіленген мерзімде аяқтау керектігі айтылды. Өйткені, биылғы жаңа оқу жылында 28 мыңға жуық оқушы бірінші сыныпқа барады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда бала  санының артқандығын көрсетеді. Осы орайда, өңір басшысы білім ошақтарында орын тапшылығы болмас үшін, жоспарлы жұмыс жасау керектігін ескертті. Сонымен қатар, «Мектепке жол» акциясы аясында да оқушыларды оқу жабдықтарымен қамтамасыз ету, білім ордаларын жүз пайыз оқулықтармен толықтыру мәселелерін жеделдету керектігі  баса айтылды.  Бұдан бөлек, бірінші қыркүйек күні бес бірдей мектеп қолданысқа беріледі.  Осыған байланысты, жөндеу көріп жатқан барлық білім мекемелерінің сапасына қарау шарт.  Осындай маңызды мәселелер сараланған жиын соңында нақты тапсырмалар беріліп, ол  хаттамаға енгізілді.

Аят Асқарбекұлы, М.Таубаев «Жаңалықтар қызметі»