Құп жарасқан қос жандардың құрметіне Қордайда махаббат аллеясы ашылды. Жастар жиі жиналатын мұндай типті саябақ бұрын жоқтұғын. Енді бар. Аталған демалыс орны кәсіпкерлердің демеуімен бой көтеріпті. Ал, көрікті мекеннің алғашқы келушілері де қол ұстасқан жас жұбайлар  болды.  Тілші сабақтайды.

Ашылған аллея —  халықаралық жастар күнімен тұспа-тұс келді.  Сол себепті Қордайлық жастар үшін  атаулы мереке. Қол ұстасып,  жаңа өмірдің баспалдағын аттағалы тұрған жандар аудан тарихындағы тағы бір елеулі шараның қатысушылары атанды. Шынайы сезімнің символына айналған Төлеген мен Қыз Жібектің жолын жалғаған бүгінгі ұрпаққа ұсынған сый – Махаббат аллеясы. Оның лентасын қию құрметі отау құрған жас отбасыларға бұйырды.

Неке қидырып, құрбы-құрдаспен қыдырғысы келетін жастар үшін Қордайда көрікті орындар да аз еді. Енді біз арнайы ат басын бұратын ерекше саябақ пайда болды — дейді жергілікті жастар. Ізгі шараға аудан басшылығындағы  шенеуніктер арнайы келіп, отау құрған жастарға тілектерін айтып, сыйлықтар тарту етті. Ал ауданның Құрметті азаматы Асық Уәлиұлы некелескен жастарға ақ батасын берді.

Айта кетейік, аудан кәсіпкерлерінің қолдауымен бой көтерген аллея жасыл желектермен көмкеріліп, келушілерге арнайы орындықтар орнатылған.