Биылғы жылы  Жамбыл облысында құрылыс ерекше қарқын алды.  Мәдени нысандар, спорт кешендері, көпқабатты тұрғын үйлердің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Маңызды мерекелер қарсаңында солардың көпшілігі  ел игілігіне беріліп те  үлгерді. Өз кезегінде, құрылыс жұмыстарына бюджет есебінен  26 млрд теңге бөлінген.  Мәртебелі мамандық иелерінің кәсіби мерекесі қарсаңында оларға құрмет көрсетіліп, салаға сүбелі үлес қосқандары марапатқа ие болды.

Елбасының өзі құрылысты ел экономикасының локомотивіне теңеген.  Бұл — құрылысшылардың еңбегіне берілген зор баға. Бүгінде құрылыс саласы қызметкерлері облыс экономикасына да сүбелі үлес қосып келеді. Тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруда олардың еңбегін  ерекше айтуға болады. Нақтылы кезеңде 79 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның 13-і пайдаланылуға берілсе, тағы 33 тұрғын үй, 24 инженерлік жүйелер, 12 білім, 4 спорт нысандары мен өзге де ғимараттар құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін 4000 мыңнан астам көпбалалы отбасын тұрғын үймен қамту жоспарда.  Көршілес Түркістан облысында орын алған төтенше жағдай салдарынан қирап қалған Арыс қаласын қайта қалпына келтіруде де құрылысшылардың еңбегі ерен.

Еркебұлан ДАУЫЛБАЕВ / ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Киелі мекен Әулиеата өңірі  жыл  өткен сайын көркейіп, әлеуметтік, мәдени нысандар   бой көтеруде.  Ал сол ондаған, жүздеген әсем ғимараттарда  құрылысшылардың қолтаңбасы жатыр. Сәулет өнерінің серілерін  төл мерекелерімен сала басшылары құттықтап, еңбектерінің жемісті болуына  тілектестік білдірді.  Ел экономикасын еселеу жолында  қосқан үлесі үшін және құрылысшылар күні мерекесіне байланысты ардагерлер мен құрылыс саласының үздік қызметкерлері  «Құрметті құрылысшы» төсбелгісімен, министрліктің,  облыс және қала әкімдерінің, Жамбыл облысының Құрмет грамоталарымен, алғыс хаттарымен    марапатталды. Салтанатты жиын кәсіби мереке иелеріне арналған концерттік бағдарламаға ұласты.