Таразда заңсыз жолаушылар тасымалы тиылмай тұр. Автобекет маңында алыс жолға қатынайтын көліктер қауіпсіздік ережелеріне сай емес. Көліктік бақылау органдарының қызметкерлері осылай деп дабыл қаққанымен, нәпақасын жолдан тауып жүрген жүргізушілер де өз уәждерін айтады. Мұндағы көлік жүргізушілерге мәселені шешу үшін бір ай уақыт берілгенімен, олар құзырлы мекемелер тарапынан қойылып отырған талаптармен келіспей отыр.

Жолаушылар көлігі басқармасындағылармен  кездесуге 50-ден астам жүргізуші жиналды. Бұған дейін де жолаушыны керек жеріне жеткізіп жүрген жүргізушілерге бұл әрекеттерінің  заңға томпақ екендігінің айтылғанына бір жылға жуықтаса да, олар осы уақыт ішінде тиісті шешім шығармапты.  Жауаптылардың айтуынша, бұл көліктер алыс жолға арналмаған, қатынауға қауіпті. Басшылық  оларға мәселенің балама шешімдерін ұсынуларына тура келді. Алайда, мұндағы жүргізушілердің көпшілігінің тізгінінде 8-ден 16-ға дейін орындықты шағын автобустар. 10-20 жылдан бері көлік жүргізіп, осындай кәсіпке үйренген олар бұрын мүлде болмаған, тұтқиылдан енгізілген мұндай жаңашылдықты түсінбей дал.

Шырылдаған  жүргізушілер «бізде бәрі заңды»  дейді. Олар жеке кәсіпкер ретінде тіркелген, патенттері де бар. Ал көліктік бақылау орган қызметкерлері  барлық іс-шаралар жолдағы апаттарды  азайтуға, сонымен қатар, бірінші кезекте  жолаушылардың  қауіпсіздігін сақтау мақсатында жасалып жатқандығын жеткізді. Мәселенің оң шешілуі үшін бұл бағыттағы жұмыстар әлі де жалғасатынын айтады.