Мал өсірсең  қой өсір, пайдасы оның көл-көсір.  Меркі ауданы Ақтоған ауылының тұрғыны Нұрбек Құлбеков  өзінің ауласында ірі тұрпатты гисар тұқымды қойларын бордақылайды. Ерекшелігі бұл қойлар жылына 2 рет  төлдейтін көрінеді. Аталықтары 80 келіге дейін ет береді.  Толығырақ кәсіпкердің ісімен танысып қайтқан тілшіміз тарқатсын.

Табыстың көзін ауласынан тапқан азамат әуелі  кәсібін қазақы қойды бағып-күтуден бастаған. Кейіннен оларды сатып,  орнына асыл тұқымды мал асырауды  жөн көріпті.  Өйткені «гисар» тұқымды қойлар тез өсіп,  салмақты  тез жинайтын көрінеді. Бір жағы оның еті де дәмді келеді.  Мамандардың айтуынша,  гисардың еті 3-4 қазақы қойлардың етіне татиды. Ал меркілік азаматтың  «гисар» тұқымды   қойы етінен бөлек, жақында келбетімен сынға түскен көрінеді.  Яғни, Нұрбек Құлбековтің   ұсақ малы халықаралық  асыл тұқымды қошқарлар байқауында топ жарған. 15 мемлекеттен қатысқан  200-ден аса қошқар арасынан «Сымбатты қошқар» атаныпты.

Нұрбек ҚҰЛБЕКОВ  /  КӘСІПКЕР

…қошқарлардың арасында ең  үлкен қошқар 188 кг болып шықты.   Ол Қырғызстан Республикасынан келген.  Одан кейін,  Ауғаныстанның қошқары 2-ші орын алды. Ол салмақ жағынан мықты…/

Қазір кәсіпкердің қорасында  11 бас асыл тұқымды мал бар.  Меркілік азамат бұл ісін одан әрі дамытып, мал санын арттыруды көздеп отыр. Алдағы қыркүйек  айында  тағы 70-80 бас асыл тұқымды қой алуға келісіп  қойыпты.  Бұл орайда, азамат қора-жайын қамдап, жем шөбін түгендеуді қолға алған.

Аят Асқарбекұлы, Ләззат Серікбай, Еркін Жасыбай, «77news»,  Меркі ауданынан