Аудан орталығындағы мәдениет үйінде Жуалы ауданы әйелдерінің «Уақыт шақыруы. Іскерлік қатынас жолында күш жігерді біріктіру» атты іскер әйелдердің форумы өтті. Форумға кәсіпкерліктің әр саласында еңбек етіп жүрген қыз-келіншектер қатысты.

Форумға облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақшалова Айгуль Сағымбекқызы, Тараз қаласынан келген бірқатар кәсіпкерлер қонақ ретінде келіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.

Облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Айгуль Сағымбекқызы форумда арнайы баяндама жасап, қолға алған кәсіпкерлік істердің жетістігі мен қиындық тұстары жайлы айтып өтті. Сондай-ақ форумда ел дамуындағы әйелдердің рөлі, іскер әйелдерді қолдау, жалпы әйелдер қауымының экономикалық белсенділігін арттыру мәселесі түрлі баяндамаларда көтеріліп, талқыға түсті.

Өңірдегі іскер әйелдердің басын қосқан игі шарада  табыскер қыз-келіншектер аудан әкімінің алғыс хатымен, естелік сыйлықтармен марапатталды.

Форум аясында Б.Момышұлы ауылында орналасқан «Нұрай плаза» сауда орталығы мен «Нұрлы ұрпақ» жекеменшік балабақшасының ашылуы өтті. Аталған нысандардың ашылуына аудандық маслихат хатшысы Ерғали Өтемісұлы Тілеубеков пен облыстық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ақшалова Айгуль Сағымбекқызы қатысып, мекеме жұмыстарына сәттілік тіледі.