Осы аптада өңірімізде Мәжіліс депутаты Марат Бопазов арнайы іс-сапармен жүрді. Әлеуметтік мәселеге үкімет үйінің мінберінен қарайтын шенеунік бұл жолы алыстағы ауылдың жайын өз көзімен көрмекке келген екен. Күні кеше ол Жамбыл, Байзақ аудандарына барып, шағын және орта бизнес иелерінің шаруасымен танысып шықты. Ал бүгін қаламыздағы ең дәмді орын «Сәуле» кондитерлік фабрикасына барып қайтқан еді.

 Нұржамал Итжанова 2 жылдан бері кондитерлік фабрикада жұмыс істейді. Таңертеңгі тоғыздан бастап тіл үйірер тәтті әлемінің арасына енеді. Вафли шығарудан бастап печеньенің түр-түрін дайындауға қатысады. Күніне 4 тоннаға дейінгі тауар қол астымнан өтеді дейді.

 Нұржамал ИТЖАНОВА / КОНДИТЕР

Ал бүгін өңірімізде іс-сапармен жүрген  депутаты Марат Бопазов қаламыздағы осы жерге арнайы келді. Сан алуан тәтті шығаратын «Сәуле» кондитерлік фабрикасын таңдауы бекер емес. Бүгінде өнімдері еліміздің шекарасынан ары асып, Өзбекстан, Қырғызстан тіпті Қытайға дейін сатылады. Тәттілері Тараздық брендке айналып келеді.

Қазір фабрикада 30-ға жуық тәттінің түрі дайындалады. Қажетті шикізат көрші тұрған қант зауытынан алынады. Ал шоколад үшін қажет какао сонау Малайзиядан әкелінеді. Шетелден келетін жалғыз тауар бұл ғана емес. Фабрикадаға құрал-жабдықтың барлығын толығымен австралиялық компания жеткізген.  Өнім өндіру мүлтіксіз болғанымен, дайын тауарды сатылымға шығаруда қиындықтар да жоқ емес. Фабрика басшылығының сөзінше, базарда бірге сатылатын ресейлік тәттілер ең үлкен бәсекелестер. «Яшкино», «Рошен» тәрізді украиналық, ресейлік өнімдер – нарықтың ең ірі ойыншылары. Одан қала берсе өзіміздің отандық «Баян Сұлу» мен «Рахат» бар.  Әр сәт сайын солармен  бәсекеге түсіп жатырмыз, брендке айналу үшін ұзақ уақыт керек дейді мамандар. Ал қазіргі жоспар – өндірісті кеңейту.

 Максим ЕЩЕЩИН /  «САУЛЕ» ФАБРИКАСЫНЫҢ ДИРЕКТОРЫ

«…Осы жылы бір айданкейін төртінші монтажды желі іске қосылып, вафлимен бірге глазурьлі гриляж шығарылатын болады. Ал келесі жылы біз жаңа өндірістің корпустың құрылысын бастауды жоспарлап отырмыз. Ол кезде түрлі желілер қосылады. Шоколад пен карамельдің түрлерін өндіре бастаймыз…»

Фабриканы аралаған Астаналық қонақ  жұмыс орындары мен мамандардың  біліктілігіне аса зер салды. Тек технолог қана Украинадан келгенімен, өзгелері өз адамдарымыз. Әсіресе сексен пайызының жастар екендігі қуантады дейді ол.  Айта кету керек, осыған дейін Марат Бопазов Жамбыл, Байзақ аудандарын аралап, осы тәрізді өндіріс орындарымен танысып шыққан еді. Шенеунік  өнеркәсіптегі ұтымды тұстарды ғана емес, кемшіліктерінде көңілге түйген.

 Марат БОПАЗОВ/ ПАРЛАМЕНТ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ

Кәсіпкерлердің көпшілігі, субсидияны дер кезінде ала-алмай өз қалтасынан шығаруға немесе жұмысты кеш бастауға мәжбүр көрінеді. Мәжіліс депутатының айтуынша,  олардың төлқұжаттары танысу үшін алынды. Мәселенің жалғасы Астанада шешілуі керек. Ал әзірге қаламыздың ең тәтті тұсында қонақ болған Марат Бопазов бәсекелестіктің қысымына  төтеп беріп келе жатқан фабрикаға барынша көмек беруге де уәде берді.

Ақсәуле Әбітай, Дулат Шықпанбетов 77ньюс