Тараз. 27 қараша. 77news — Облысымызда Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани  жаңғыру» бағдарламалық  мақаласы шеңберінде, «Туған жерге туыңды тік!» акциясы одан әрі жалғасуда.  Бұл шарапатты шараға белгілі сазгер «Құрмет» орденінің иегері,  ҚР-ның мәдениет қайраткері Дүйсенәлі Бықыбаевта  «Ән-Ғұмыр» атты шығармашылық кеш өткізу  арқылы өзіндік үлес қосты. «Баласағұн» мәдениет сарайында өткен  концертте отызға тарта ән орындалды. 

Шығармашылық концерттің шымылдығы  кеш иесінің «Дулат баба рухы»  атты күйімен ашылды. Одан кейін композитордың ең таңдаулы сыршыл  әндерін  елімізге кеңінен белгілі эстрада жұлдыздары Саят Медеуов,  Досымжан Таңатаров, Әділ Сламхан мен Дана Махамібаева және өңіріміздің  әншілері нақышына келтіріп  орындап көрермендердің ықласына бөленді.  Астандан арнайы келген жерлесіміз  Досымжан Таңатаров  Дүйсенәлі Бықыбаевтың  Ғайни Әлімбекқызының   өлеңіне жазылған «Қаздар қайтып барады» атты жаңа әнінің тұсауын осы кеште кесті. «Біз бір ауылдан түлеп ұшқан түлектерміз, әрі менің өнер өлкесінде еркін қалыптасуыма Дүйсенәлі ағаның  қосқан үлесі көп» -, дейді эстрада жұлдызы.

Кешке жиналған көрермендерге Жамбыл облыстық драма театрының әртістері «Ән – ғұмыр» атты компазициялық қойылым ұсынды. Сонымен қатар,  өзінің  рухани ұстазы саналатын, өмірден ерте озғанталантты композитор Мэлс Өзбековтың «Келші, айым» атты танымал әнін Дүйсенәлі Бықыбаев сахна төрінде тебірене орындады.  Бұл кештің қайрымдылық  шарасы ретінде өткізілгенінде атап өткен жөн.  Жиналған халықтың қарасы мол болды.  Олардың қай-қайсысыда  «Ән-Ғұмыр» кешінен үлкен рухани ләззәт алдық дейді.

Көрерменнің көңілін көтерген әуезді ән кеші  сахна шеберлерінің орындауындағы Дүйсенәлі Дыбысалыұлының «Жаса, мәңгі Астана» атты патриоттық әнімен аяқталды.  Сазгерге Жамбыл облысы әкімінің  ықылас гүлі табысталды.