Бүгін шаһарымызда ақ түйенің қарны жарылды. Осыдан үш жыл бұрын Тараздағы атыс кезінде жараланған Бекжан Тленшиевке екі бөлмелі пәтердің кілті берілді. Ел тыныштығы үшін оққа ұшқан батыр 3 жыл бойы төсекке таңулы күйде еді. Тағдырдың соққысын тайсалмай қабыл алып, болашаққа деген сенімін жоғалтпаған сарбаз туралы келесі сюжетімізде.

Қаладағы қарапайым мөлтек аудандардың біріндегі көпқабатты үй көпке елеусіз. 3 жыл бұрын қылмыскермен атыс кезінде оққа ұшқан батыр Бекжан  осында жалдамалы пәтерде тұрады.  Бірақ бүгін Тленшиевтер отбасы үшін берекелі таң атты. Айдан жылға жалғасқан уәде орындалып, «Арай»  ықшам ауданынан екі бөлмелі пәтердің кілті берілді.  Жаңа пәтерді алғашқылардың бірі болып Бекжанның әкесі мен әпкесі жаңа баспананы аралап, тіпті көршілерімен де танысып қайтты. Өзіміз ниет еткендей, бірінші қабатта. Пандусы да қарастырылған дейді олар. Ал төсекке таңылған батыр жаңа пәтерді әлі көрген де жоқ. Десе де қатардан қалдырмаған қаруластарына алғыс айтады. Ең алдымен аяққа тұрып алсам болды дейді.

 Бекжан ТЛЕНШИЕВ / 

«…Қазіргі облыс  әкімі Асқар Мырзағалиевтің араласуымен, одан кейін өзіміздің бастық Арман Оразалиевтің қолдауымен пәтердің кілті қолға тиіп тұр. Бірақ ең алдымен аяққа тұрсақ дейміз. Жақсы сезімдеміз. Барлығына көмектесіп, елеп ескергендері үшін рахмет…»

 Жаңа баспана бірден қолға тиген жоқ. Бекжанның сенімді өкілі Аралбектің сөзінше, пәтер жыры жалғасқанына бір жарым жыл болған.  Осыған дейінгі облыс басшылығы кезінде пәтер берілсін деп шешім шығарылғанымен, кілт қолға тимеген. Бір уақытта ай сайыңғы мүгедек үшін алатын зейнетақы  да қысқартылып, соттасып жүріп қана қалпына келіпті. «Елеусіз қалғандай сезіндік өзімізді. Шын мәнінде ұмытылып кеттік», дейді сарбаздың ата-анасы. Батырдың сенімді өкілі болған Аралбектің араласуымен ол мәселе шешілген.

Аралбек ТОНБАЕВ / БЕКЖАННЫҢ СЕНІМДІ ӨКІЛІ

«..Біз кіріскен кезде болған оқиғаға бір жарым жыл уақыт өткен еді. Сөйтсек, оған тағайындаған зейнетақысы да төмен. Жалпы қағаздарының барлығы дұрыс емес. Және баспанасы жоқ. Ата-анасының баласы ауырғаннан кейін оған жүгіретін уақыты жоқ.  Сосын мені әріптестерім ресми өкіл етіп бекітті. Осы бүгінгі күнге дейін қатты еңбек еттік…»

 Осы көктемде ғана Бекжан елордамыздағы оңалдырту орталығында болып келді. Қайта қайта көтерілетін қызуы аздап қалпына түсті.  Жиі-жиі шошып, оянып айлап ұйқы көрмейтін кездері де болатын. Осыған дейін Грекияда да ем қабылдап келді. Дәрігерлердің сөзінше, массаж бен оңалту жаттығуын үзбесе, аяқтан тұрады деген үміт бар. Ата-анасы емші уақыт сағы сынбаған батырдың сенімін ақтар деген ниетте.

Ақсәуле Әбітай, Дулат Шықпанбетов 77ньюс