Біздің бүгінгі біліп-түйгеніміз әрбір ай сайын ескіріп тұрады. Ғылыми түрде расталған бұл мәліметті мамандар тәжірибеде  құптап отыр. Ал 2021 жылдан кейін білімнің ескіруі үшін небәрі 72 сағат жеткілікті-ақ. Бүгінгі облыстық тамыз конференциясындағы талқы  санаға осы тәмсілді  сіңірді. Демек, толастамайтын ақпарат тасқынының дәуірі орнады. Сандық жүйені санасына тез сіңіретін бүгінгі балаға білім берудің талап-тілегі ендігі өзгерді. Яғни методика. Тәрбиенің тағы бірін зерделеу керек деген түйін. Балаға сыни пайым, ой еркіндігі қажет. Хош, дәстүрлі кеңесте айтылған биыл өзгеріс бірсыпыра. 

 Дархан ӨТЕ  ХАЛЫҚАРАЛЫҚ «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» ҚОРЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ

«Ұрпақ психологиясын түсіну үшін ақпарат кеңістігіндегі жылдамдықтың, алыс берістің қанша жылдам екендігін түсіну қажет. Өйткені осыдан он – он бес жыл бұрын қолданған педагогикалық немесе психологиялық болсын әдіс-тәсілдеріңізді қазіргі Зет ұрпағына қолдансаңыз, ол мүмкін емес».

Ия, ескінің есті әдісі әлі де қолданыста. Дегенмен, балаға ілім дарытудың алгоритмі түрленді. Бүгінгі балалар виртуалды әлемде өзін  судағы балықтай сезінеді. Мысалға, жөргегінде ақ гаджетке жақын болған балақайды елестетіңізші. Тал бесіктен басталатын білім мен тәрбиенің тілі өзгерді. Жаңаша білім. Түрленген методика. Бүгін тамыз талқысында ұстарздың осы тәмсілді ұрандады. Дегенмен саланы сандық сапаға  жеткізу үшін әлі де бірсыпыра қолбайлау бар. Мәселен, биылдың өзінде 1 сыныптың табалдырығын 28 мың бала аттайды. Ал аймақтағы  мектептердің  техникасы 48 пайызға   ескірген. 8000-ға жуық компьютер қажет. Қала мектептері оқушыларының 5%-ы ғана техникалық үйірмелермен қамтылған болса, ауылдағы білім ошақтарында ол тіпті жоқ. Демек, виртуалды әлемнің оқушыларын тәрбиелеу үшін техникалық базаны жасақтау әуелгі іс.

Асқар МЫРЗАХМЕТОВ    ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫНЫҢ ӘКІМІ

 Тәрбиенің негізгі тұтқасы ұстаздар.  Олардың статусына қатысты да айтылар сөз аз емес. Облыстық білім басқармасының деректеріне сүйенсек, өңірдегі 48 гимназия-лицейлердің 12-сіндегі оқушылар республикалық яки  халықаралық жарыстарда мүлдем топ жармапты. Тиісінше, олардың атағы алынып, орта мектеп статусы қайта берілді.Сұраныстан туса керек.  Ендігі гимназия мен лицейді басқарып отырған басшылардың соңғы 3 жылдағы еңбектері қайта сарапқа салынбақ. Дегенмен, мұғалім мәртебесі тексеріспен көтерілмейді. Мұғалімге де мотивация қажет. Жиынға арнайы Елордадан келген министрлік өкілінің сөзінше, осы жылы ұстаздар қаржылық қолдауға ие болмақ. Мәселен, сынып жетекші болғаны  немесе күнделік толтырғаны үшін берілетін төлем 2 есеге өседі. Ең үздік педагог атанған мұғалімдерге 300 АЕК көлеміндегі сыйақы беріледі. Бірақ, білім жүйесінің ауыртпашылығы тек мұғалімнің мойнында болмауы тиіс. Ата-ана мен оқушы мәмілескенде  ғана, жасалатын реформа ретті істерге  жетелемек.

Ғани БЕЙСЕМБАЕВ «EDTECH-KZ» ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БІЛІМ ОРТАЛЫҒЫНЫҢ БАС ДИРЕКТОРЫ

 Биылғы жылы білім беру саласына 2,9 млрд теңге қаржы бөлінген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1 млрд теңгеге артық. 1 қыркүйек күні аймағымызда 5 жаңа мектеп ашылып,  биылғы жылы облыста үш ауысымды мектептер мәселесі толығымен шешіледі.  Ал кәсіби маман даярлауда дуальды оқытудың енгізудің маңызы зор. Аталған  жүйе 35 колледжде енгізіліп, 193 кәсіпорынмен үш жақты келісімшарттар жасалған. Өткен жылы дуалдық оқыту жүйесімен оқуын аяқтаған 1588 түлектің 75%  жұмыспен қамтылыпты.Жұмыс беруші мен колледждер арасында 3581 түлекті жұмыспен қамту туралы 726 келісім шарттар жасалған. Мектепке дейінгі білім мекемелерінің желісін кеңейтудің бір жолы – жекеменшік әріптестікті тарту. Ағымдағы жылы өңірде 2194 орындық 15 мектепке дейінгі ұйым ашылды. Жекеменшік балабақша үлесі 31,4% құрады. Айта кетейік, кеңес соңында жыл он екі еңбегімен көзге ілінген бір топ ұстаздар қауымы аймақ басшысы тарапынан марапатқа ілікті. Өңірдегі ең үздік мектеп атауына ие болған 41 мектеп-гимназиясына 21 млн сыйақы берілді.