Радио Свобода

Жамбылда 7 айда  62 тұлға жемқорлық фактісімен ұсталды. Бұл былтырғы жыл он екі аймен салыстырғанда 2 есеге көп. Бармақ басып, көз қысқандардың қатарында әскерилер, дәрігерлер, тәртіп сақшалары,  тіпті білім саласының басшылары да бар. Жемқорлыққа қарсы күрес саласының басшысы бүгін баспасөз брифингінде осылай мәлімдеді.

Жеңі ұшынан  жалғасқан жемқорлық дерегі Жамбылда әлі де  азаймай тұр. Оған басты айғақ, небәрі 7 айда аймақ баойынша 87 істің тіркелуі. Аталған деректің 62-сі лауазымды тұлғалардың солақай  әрекетіне қатысты.

Әділхан ӘШІРБАЕВ ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС – ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТ БАСШЫСЫ

/Басшылық деңгейде республика бойынша 1, облыстық 3, аудандық, қалалық  деңгейде 10 тұлға. Оларға қатысты соттың шешімі шығып қойған. Олар алған пара деңгейі әр түрлі. 200,500 теңгеден басталып, 10 миллионға дейін барады/.

Фактілердің жиілеуі сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік жанынан «қоғамдық бақылау»  ұйымының құрылуына әкеп соқты. Салдарын ысырып, себебімен күресуге білек сыбана кіріскен олар теміржол саласындағы ірілі-ұсақ біраз былықтың бетін ашыпты.

Дәурен ОМАРОВ ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС – ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ АЛДЫН АЛУ ЖӘНЕ ПАРАСАТТЫЛЫҚ БАСҚАРМА БАСШЫСЫНЫҢ МІНДЕТІН УАҚЫТША АТҚАРУШЫ

/8 рейдтік шаралар өткіздік. 4 билетсіз жолаушыларды алу фактісі анықталған. Ол бойынша жолсеріктерге тиісті хаттамалар толтырылды. Көліктік бақылау инспекциясымен  бірлесіп,  230 іс – шара өткіздік. Жүк тасымалдау барысында артық жүк алған мәселелер көзделген. Нәтижесінде, 3 млн 800 ден аса айыппұл салынған/.

«Жемқорлық»  атты қоғам дертімен күресте енді халықтың өзі тікелей ықпал ете алады. Ол үшін бірыңғай «call – center» жұмыс істейді. Қоңырауы үзілмейтін орталыққа 7 айда  800 – дей азамат хабарласқан. Олар көбіне әкімшілік және ішкі істер органдарының қызметкерлеріне шағымданады. Пара алу немесе  беру туралы хабарлаған ел азаматтарына ол үшін арнайы сыйақы да беріледі.

Әділхан ӘШІРБАЕВ ҚР СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ІС – ҚИМЫЛ АГЕНТТІГІНІҢ ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ

/Алдымыздағы  жылдың 7 айында сыбайлас жемқорлық факті бойынша хабарлаған 18 адамға жалпы сомасы 2,5 млн теңгеге бір жолғы сыйақы төленген. Салыстырмалы айтсақ, 18 жылы 12 айда 13 азаматқа 1,7 миллион теңге берілген болатын. Биыл азаматтар көріп отыр. Биыл осы жұмыста көтермелеу жоғары/.

Одан бөлек, өңірде  «Жамбыл – адалдық алаңының» жүріп жатқанын жұрт жақсы біледі. Қол астындағы қызметкер парамен ұсталса, бірінші басшы қызметінен кетеді деген  президенттік пәрмен тағы бар.  Демек, жауапты ведмство тарапынан атқаралып жатқан жұмыстар жоқ емес. Әйтеуір жемқорлықты жою жан-жақтылық әрекетке ұласты. Дегенмен, бұған қарамастан, қоғамның қай саласында болмасын әділетсіздік пен ұрлық-қарлық  дерегі төмендей тұрғаны қынжылтады.