Фото: Информбюро

Елімізде биылғы жыл тарихи оқиғаларға толы болғаны баршамызға белгілі. Маусым айында дүбірлі сайлау өтіп, басым дауыспен Президентікке үміткер Қасым-Жомарт Тоқаев жеңіске жеткен болатын. Ел тізгінін жаңадан қолға алған Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа алғаш рет жолдау арнады.

«Бұл Жолдауды жас мемлекеттік қызметкер ретінде мен де асыға күттім. «Еліміздің әлеуметтік жағдайын жақсартуға арналған қандай түйіткілді мәселелер көтеріледі» деген ойда болдым. Бұл жолғы Мемлекет басшысының халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында экономиканы жаңғырту, халықты әлеуметтік қамсыздандырудың бірқатар мәселелері, яғни кәсіпкерлікті қолдау, білім сапасын жетілдіру, көпбалалы отбасылардың жағдайын жақсарту, бағаны тұрақтандыру, үкіметтік емес ұйымдардың жұмысын жетілдіру, «қарапайым заттар экономикасын» дамыту, және тағы да басқалар көтерілді», — деді үздік мемлекеттік қызметші Мұстафа Бектұрғанов. 

 «Тиімді шағын және орта бизнес – қала мен ауылды дамытудың берік негізі. Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен ауыл тұрғындарына тұрақты жұмыс береді, жұмыссыздықты азайтады» деп атап өтті Мемлекет басшысы. Сонымен қатар, ол «Мемлекеттік қызметшілердің сапасын арттыру үшін  олардың қатарына жас даярланған мамандарды тарту қажет» деп жастарды қолдайтынын да білдірді. Мәдениет саласының қызметкерлері де бұл жолдаудан тыс қалған жоқ.

«Бүгінгі Жолдауда Президентіміздің мәдениет саласына ерекше тоқталғаны қуантты. Себебі, мәдениет әр халықтың ұлттық кодын айшықтайтын белгі. Мемлекет тарапынан жыл сайын мәдениет саласына бөлінетін қаржы аз болған жоқ. Ол әрине мәдениет ошақтарын соғу, материалдық-техникалық базаны нығайтуға жұмсалды. Енді сол нысандарда сапалы қызметтің болуын қамтамасыз ету үшін кадр мәселесіне назар аудару орынды. Ол ең алдымен олардың еңбекақысынан басталып, түрлі әлеуметтік жеңілдіктерден құралады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасының сапалы жүзеге асырылуына да біздің сала мамандарының үлесі аз емес. Шынында әлеуметтік саланың қай-қайсысымен салыстырсаңыз да маңызы төмен емесі ақиқат. Сондықтан Президенттің мәдениет қызметкерлеріне көңіл бөліп, ішкі ойларын оқи алуы, расында, керемет жаңалық болды», — дейді  Жуалы ауданы мәдениет саласының қызметкері Досмұрзаева Гүлжан.

Президенттің «Еліміздің әрбір азаматы жақсылықты, өзгерісті нақты сезіну керек» деген сөзі атқарушы билікке де, заң шығарушы билікке де үлкен жауапкершілік жүктейді. Біз ол жұмысқа біз  дайынбыз. Барлығын бірдей мемлекетке арта бермей, ел үшін жауапкершілікті сезіну, тек қана еңбек біздің көсегемізді көгертетіні Жолдауда нақты айтылды.