Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Жамбыл облысы тұрғындарының табысын арттыру жобасы үкіметте қолдау тапқаннан кейін бірден өңірімізде іске асыру тетіктері нақтылана түсуде. Ал, аталмыш ауылдықтар оған сақадай сай ма? Осы орайда облыс әкімі Асқар Мырзахметов аудандарға арнайы барып, таңдалған ауылдардың тұрғындарымен кездесіп, дайындық барысын тағы бір пысықтауда. Алдымен Жамбыл ауданынан басталған аймақ басшысының жұмыс сапары бүгін Жуалыда жалғасты.  

Асқар Исабекұлы аудандағы жұмыс сапарын Бәйтерек ауылдық округінің тұрғындарымен кездесуден бастады. Онда тұрғындардың табысын арттыру жобасын жүзеге асыру барысы талқыланды. Айта кетейік, Ақтөбе — аталмыш пилоттық жобаға енген облыстағы он ауылдық округтің бірі. Ауылдық округте барлығы 494 аула бар болса, жалпы көлемі 78 гектар болатын үй іргесіндегі жер  тіркелген. Жобаның бірінші бағыты бойынша, осы жердің тиімділігін арттыру — басты талап. Ақтөбеліктердің дені жоба аясында жеке қосалқы шаруашылықтарындағы жерлеріне картоп егуге дайын. Сондай-ақ, қорадағы малдардың өнімділігін еселеуге де ынталы екен. Десе де, олар жоба аясындағы тиімді несиені алуда кейбір кедергілдердің туындауынын мәнісін сұрады. Облыс әкімі  бұл жобаның негізгі мақсаты жаппай тұрғындарды қамту екенін қайталап айтып, әрбір  ауылдықтардың несиеге қол жеткізуі үшін барлық жеңілдіктер мен қолайлылықтар жасалынатынын жеткізді.

 АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ

 Кездесуден соң өңір басшысы Түктібай ауылында орналасқан «Төлеген» шаруа қожалығының жұмысымен танысты. Қожалық бүгінде мал шаруашылығымен айналысып отыр. Мемлекеттік бағдарламалар арқылы шаруасын шалқытуда. Жуырда ғана Чехия мемлекетінен сатып алып келген 64 бас сүтті әрі етті бағытындағы асыл тұқымды мүйізді ірі қара Жамбыл өңірін жатсынбапты. Оның себебі,  ірі қараның бұл түрі әу баста  қазақ жерінен тараған екен.  Аталмыш сиырлар тәулігіне 25 лиртрге дейін сүт берсе, оның майлылығы 5,4 пайызға дейін көрсеткішті құрайды. Асқар Исабекұлы осынау пайдасы көл-көсір асыл тұқымды бұл төрттүліктің тұқымын өзімізде де көбейтудің жолдарын қарастыруды тапсырды.

Асқар Исабекұлының аудандағы жұмыс сапары – «Қараалма» тау-шаңғы базасымен түйінделді. Аталмыш кешеннің құрылыс барысын барлаған өңір басшысы барлық жұмыстардың сапалы әрі уақытылы орындалуын баса айтты.

 Нұрболат НҰРЛАНБЕКҰЛЫ «ҚҰРЫЛЫСТЕТ» ЖШС ДИРЕКТОРЫ

Бүгінде тау-шаңғы базасында жұмыстардың дені аяқталған. Қажетті инфрақұрылымдар – жол, ауыз су, газ құбыры және электр қуатын тарту жұмыстары толығымен орындалған. Ауылға кіреберістен тау бөктеріне дейін көсілген кең жолақты автожолдың құрылысы да аяқталғанына аз болған жоқ. Тікелей база орналасатын тау бөктерінде қызмет көрсету сервисі, коттедждер қалашығы бой көтеруде. Аспалы жол құрылысына қажетті қондырғылар Австрия елінен жеткізілген. Енді аспалы жолды монтаждау, орнату шараларын Россия елінен келген білікті мамандар жүргізбек.