Күні кеше Қордай ауданында Өтеген Өтеғұлының туылғанына 320 жыл толуына орай тағылымды шаралар өтті. 

 Әуелі алыс-жақыннан жиналған қауым  батырдың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Кейін аудандық Мәдениет үйінде белгілі жазушы Марал Ысқақпай бастаған қаламгерлер мен зиялы қауым өкілдерінің қатысуымен конференция өтіп, сол жерде «Мүйізді Өтегеннің мүйізді ұрпағы» атты жаңа кітаптың тұсаукесері болды. Осыдан кейін жиналған қауым Өтеген ауылында болып, негізгі іс-шара сонда жалғасын тапты. Киіз үйлер тігілген тойлы ауылда қазақ күресінен жарыс өтіп, еліміздің әр түкпірінен жиналған түйе палуандар бақ сынасты. Сонымен қатар батыр кесенесіне барып батыр әруағына Құран бағышталып, ас берілді. Түс ауа ауыл маңындағы атшабарда ат спорты ойындары өтіп, жеңімпаздар бағалы сыйлықтарға ие болды.