Фото: Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Құмарық ауылдық округі тұрғындары «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту»жобасы аясында жүргізілетін жұмыстардың нәтижелі боларына сенімді.

Т.Рысқұлов ауданынының Құмарық ауылдық округінің тұрғындары үй іргесіндегі жерлерін тиімді игеріп, жеке кәсіп ашып, өз шаруашылығын түзеп,айтарлықтай табысқа кенелуге даяр. Бүгін өңір басшысы Асқар Исабекұлы Мырзахметовтың ауданға жұмыс сапары барысында аталмыш ауыл тұрғындарымен кездесу барысында айтылды.

Пилоттық жобаға енген бұл округке Құмарық, Қаракемер, Алғабас елді мекендері кіреді. Округте жалпы саны 630 аулада 3685 адам тұрады. Бүгінде ауқымды жобаға 630 ауланың 502-ісі қатысады деп жоспарланған. Атап айтсақ, 458 аула үй маңындағы жерді тиімді пайдалану бағытында, 142 аула мал шаруашылығымен айналысу бағытында кәсіптерін дамытып,шағын бизнесті дамытуға ден қоймақ.

Жобаның 3 – бағыты бойынша мал бордақылауға қажет мал азығын даярлау үшін 800 гектар егістік қажет болса, ауыл маңында жайылым жер жеткілікті.Қазіргі таңда ауылда барлық саланы қамтитын «Құмарық-Тау» АШК құрылған. Оған қажетті техника мен жабдықтар сатып алуға тиісті қаржы есептелген, сатып алу жұмысы жоспарлануда.
Облыс әкімі А.Мырзахметов баянды бастамаға ауылдықтар барынша атсалысып, өз тұмыстарын түзеп, ауыл әлеуетін арттыруға үлес қосу қажеттігін баса айтып, ауқымды жобаның іске асуына сәттілік тіледі.

Фото: Облыс әкімдігінің баспасөз қызметі

Құмарық ауылдық округінің тұрғындармен кездесуден соң облыс әкімі А.И.Мырзахметов Құлан ауылындағы орталықтандырылған ауыз су ғимаратының жұмысымен танысты. Ұзақ жылдар бойы Құлан ауылы тұрғындарын ауыз сумен қамтуға тиіс нысанды қайта жаңғырту мәселесі көтерілді.

2003 жылы аудан аумағында жер сілкінісі кезінде ішкі құрылғылары жарамсыз күйге түсіп, содан бері аудан орталығының тұрғындары жер асты суын еш тазарту мен тұндырусыз пайдаланып келгені белгілі. Бүгінгі таңда бұл мәселенің өзектілігіне көңіл бөлген аймақ басшысы оның шешу жолдары қарастырылатынын жеткізіп, тиісті сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.Құлан ауылындағы орталықтандырылған ауыз су ғимаратының мәселесі көңіл бөлуді қажет ететіні сөзсіз.