Фото: Аудандық ішкі саясат бөлімінен

Тұрар Рысқұлов ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің ұйымдастыруымен «Елдік елге байланысты» қоғамдық форумы өтті. Шараға  зиялы қауым өкілдерінен бастап ардагерлер мен жастар, мәслихат депутаттары мен қоғамдық кеңес мүшелері, ҮЕҰ мен этно мәдени бірлестік мүшелері, бизнес өкілдері, асабалар мен тойхана иелері, білім, мәдениет, денсаулық, әлеуметтік сала өкілдері, студенттер мен жас еріктілер қатысты.

Форумда елдік пен ұлттық құндылықтар, отбасылық тәрбие, діни жоралғылардың орындалуы мен ысырапшылдықтың алдын алу, қаралы үйде ас-жиындардың өткізілуі, той мәдениеті, азаматтардың әлеуметтік желіні пайдалану,зияны мен пайдасы туралы орамды ойлар айтылып, ұтқыр ұсыныстар берілді, тойдағы даңғазалық пен қаралы үйдегі қонақ күтудің жөн-жосығы туралы өткір сындар айтылып, оның шешілу жолдары ұсынылды. Ұлттық тәрбие мен рухани дүниені байытудағы отбасылық тәрбие мен мектептегі тәрбие жүйесінің сабақтастығы сөз болды. Үндеуде көтерілген мәселені орындау жолдары айқындалды.

Спикерлер аудандық ардагерлер ұйымы төрағасы Қ.Бижанов, аудандық мәслихат хатшысы Т.Жаманбаев, «Құлан нұры»қоғамдық бірлестігінің төрайымы Б.Мырзалиева, ауданның бас имамы С.Джадыраев, музыка мектебі директоры Б.Бабасов,аудандық ішкі саясат бөлімі басшысы Л.Өтеулиева жұртшылыққа Үндеуді орындау мен ел ішіндегі проблемаларды шешу бойынша ұтымды ұсыныстарын жеткізді. Форумға қатысқан аудан әкімі Е.Садырқұлов қорытынды сөз сөйлеп,аудан аумағында атқарылуы тиіс жұмыстарды нақтылады, өз ойымен бөлісті.