Фото:.kn.kz

Осы жылдың бірінші тамызынан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға өскен.  Денсаулық сақтау саласы ұйымдарының 98 пайызға жуығы интернет желісіне қосылды. Ал әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесін толық енгізу үшін әр емдеу мекемесіне арнайы аппараттар орнатылатын болады. Осы аптадан бастап смс-хабарландыру да іске қосылмақ. Облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев бүгін арнайы брифинг өткізіп,  денсаулық, құрылыс, жол және автокөлік саласы бойынша журналистер сұрағына жауап берген еді.

 Биыл облыстық және қалалық деңгейдегі ауруханалар біріктіріліп, көпбейінді мекемелер болып қайта құрылады. Бір орталықпен басқарылатын медициналық ұйымдарда тек әкімшілік қысқарту ғана болады, ал дәрігерлер өз орындарында қалады деп сендіреді сала жауаптылары. Үнемделген қаржы ақ халаттылардың жалақысын көтеруге жұмсалмақ. Сондай-ақ цифрландыру мәселесі де қозғалды. Биыл медициналық ұйымдарға 100% ақпараттық жүйе енгізілгенімен, әлі де жаңа құралдар жетіспейді.

 Еркебұлан ДАУЫЛБАЕВ / ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Шын мәнінде, бізде кемшіліктер бар. Себебі, бізде жұмыс тобы құрылған.
Апта сайын денсаулық сақтау ұйымдарын, оның ішінде қымбат тұратын құрал-жабдықтарды қадағалап отырамыз.  Әр аппаратқа жауапты өз мамандары бар.

Бүгінде облыс бойынша 27 мың адам баспанаға мұқтаж, оның ішінде 1700-ге жуығы көпбалалы отбасы. Сондықтан тұрғын-үй құрылыс мәселесі ерекше назарда. Бұл салаға республикалық және жергілікті бюджеттен 20 млрд теңге бөлінді. Аталған сомаға осы жылы 91 нысанның құрылысы жүргізілді. 63 нысанның жұмысы биыл аяқталса, 28-і келесі жылы пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Көпшіліктің көкейіндегі басты сұрақтың бірі – тұрғын үйлерді су, жылумен қамтамасыз ету. Облыс әкімінің орынбасары бұл салада олқылықтардың бар екенін мойындады.

 Еркебұлан ДАУЫЛБАЕВ / ЖАМБЫЛ ОБЛЫСЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ

Қазіргі таңда шын мәнінде аталған мәселе олқылық орын алып отыр. Өйткені жауапты мамандардың жиі ауысуына байланысты, құрылыс саласындағы басшылықтың жиі ауысуына байланысты кішкене мына кешеуілдеу болып тұр. Облыс тарапынан біз әр нысанның жобалық-сметалық құжаты қандай болуы керек, жоспары, мерзімі қандай болу керек бәрін жазып бергенбіз. Енді орындау бойынша кемшілік бар. Ол бойынша қаланың құрылыс бөлімінің жауапты басшысы жауапкершілікке тартылды.

Брифингте өңірдегі жолдардың жағдайы да сөз болды. Жөндеуден өткен жолдарды қалпында сақтау үшін қазір әкімдік пен кен орындары арасында келіссөздер жүргізіліп жатыр. Ол бойынша енді кен орындарынан  құрылыс материалдарын таситын жүк көліктерінің салмағы 8 тоннадан аспайтын болады. Жаңа өзгерістен кейін аймақта көлемі 40 тоннадан жоғары болатын шетелдік тасымаушылар азаяды деген болжам бар.