Иә, қазақ халқының ұланғайыр ұлы даласы талай ұлы тұлғалар мен парасатты перзенттерді тудырған. Соның ішінде халқымыздың жазба әдебиетінің негізін саушы, қазақтың бас ақыны, ойшыл, артына өлмейтұғын сөз, өшпейтұғын өнеге қалдырған ұлы тұлға – Абай Құнанбайұлының шоқтығы биік, жұлдызы жарық.

Абай шын мәнінде қазақ поэзиясының өсіп, гүлденіп, жаңа деңгейге көтерілуіне зор еңбек сіңірді. Ақын өз кезегінде ұлтына, жас ұрпаққа терең мағыналы, көркем кестелі өлеңдер мен шығармалар қалдырды. Абайдың көркемдік, әлеуметтік гуманистік және дінге көзқарастары терең білінген еңбегі – қара сөздері. Қара сөздері (Ғақлия) – ұлы ақынның сөз өнеріндегі көркемдік қуатын, философиядағы даналық дүниетанымын даралап көрсететін классикалық стильде жазылған прозалық шығармасы. Жалпы саны қырық бес бөлек шығармадан тұратын Абайдың қара сөздері тақырыбы жағынан бірнеше бағытты қамтыған әралуан дүние болып саналады. Абай өзінің қара сөздерінде шығарманың ажарына ғана назар аударып қоймай, оның тереңдігіне, логикалық мәніне баса берген. «Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы?! Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» деп жырлаған ұлы ақын Абайды қай қырынан алып қарасақ та, оның артына қалдырған мұрасы мәңгілік.

Қош, сонымен Қазақстан халқы 2020 жылы ұлы ақын Абай Құнанбайұлының 175 жылдығын атап өтпек. Республикалық бұқаралық ақпарат құралдарынан естіп, біліп отырғанымыздай, Абайдың кіндік қаны тамған қасиетті Шыңғыстау баурайында елдік деңгейде бірқатар маңызды іс-шаралар өткізілмекші. Ұлы ойшылдың қазақтың қай сахарасына да аты мәшһүр, қалдырған мұрасы ортақ екенін ескерсек, Абайдың тойы – ел тойына айналуы керек-ақ. Келесі жылды күтпей-ақ Абай мұрасын насихаттауға арналған маңызды шаралар биылғы жылдан бастау алып отырғаны көңіл қуантады. Осы ретте жақында жұлдызы биік Жуалының түкпірінде орналасқан қасиетті Қошқарата ауылында Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы аудандық деңгейде аталып өтілді. Мұндағы мектеп 1965 жылдан Абай ақынның есімімен аталып келеді. Білім ошағынан елімізге танымал талай-талай тұлғалы азаматтар білім алып, үлкен өмір жолына қанат қаққан. Өткен оқу жылында мектепті 20 түлек бітірсе, оның 17-сі мемлекеттік грантты иеленіп, жоғары оқу орындарына түсіпті. Сонымен №9 Абай атындағы орта мектептің директоры Жанар Өтегенова, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Есімжан Төлеуішовтың бас болуымен, сонымен бірге бірлігі бекем мектеп ұжымының атсалысуымен Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырылып «Асыл сөздің – алдаспаны» тақырыбында үлкен іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Ұлы ақынның өнегелі өмірімен таныстыру, ақынның даналығын, рухани асыл мұраларын насихаттап, өлеңдері мен музыкалық мұраларын қайта жаңғыртып, насихаттау – шараның негізгі мақсаты болып табылады.

Алдымен ұжым мектеп фойесінде Абайға ақынға арнап кітап көрмесін жасақтаған екен. Мектеп ауласында Абай ауылының бейнесімен ақшаңқан киіз үйлер тігілген. Сонымен бірге арнайы сахна жасақталып, ақынның сөзі жазылған баннер ілінген. Мерейтойлық іс-шараны мектептің директоры Жанар Өтегенова ашып, Абай мұралары туралы айтып, шараның маңыздылығына аз-кем тоқталды. Келесі кезекте сөз сөйлеген Қошқарата ауылдық округінің әкімі Жәнібек Мырзалиев ұлы ақынның есімін иеленген білім ошағының шәкірт тәрбиелеудегі еңбегіне табыс тілей отырып, мектепке Абай Құнанбайұлының кілемге бейнеленген портретін тарту етті. Аудан әкімдігі білім бөлімінің бас маманы Ұзақбай Құрманбаев, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетова Абай мұраларының мәңгілік екенін, сонымен бірге басқа да еңбектерінің жас ұрпаққа берері мол екенін баса айтты. Айта кету керек, ақынның тойына аудан мектептері директорларының орынбасарлары да арнайы келіп, шараны тамашалады.

Шараның негізгі бөлімінде дала сахнасында «Абай – дана, Абай – дара қазақта» атты қойылым көрсетілді. Онда бала Абайдың оқудан оралуы, жастық шағы, сол замандағы ауыл өмірінен көріністер, рулық қақтығыстар, жер дауы мен жесір даулары шынайы бейнеленді. Абайдың бала кезі мен жастық шағын мектеп оқушысы мен мұғалімдер ойнады. Ал Абайдың толысып, даналық деңгейге көтерілген кезеңін Асқанбай Тұралы шынайы сомдай білді. Өзге де сахналық көріністерді мектеп мұғалімдері орындады. Ал Абай ауылының жанында қыздар мен бозбалалар алтыбақан теуіп, белдеуде бие байланып, күбіде сары қымыз пісіліп жатты. Ауылдың ат құлағында ойнайтын епті жігіттері теңге ілу, аударыспақ ұлттық ойындарын көрсетті.

Ұлы ойшылдың 175 жылдығына арналған шара мектептің акт залында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» деп аталатын екінші бөліммен жалғасын тапты. Кеш барысында өлең мен қара сөзге жақын мектептің бірқатар озат оқушылары Абай өлеңдерін мәнерлеп, жатқа оқыды. Ал аудандық, облыстық жыр додалары, сонымен бірге «Жамбыл – менің жай атым, халық – менің шын атым!» атты республикалық айтыстың, сонымен бірге Әзімбек Жанқұлиев атындағы облыстық жас ақындар айтысының жүлдегері Әуесхан Үркімбаев ұлы ақынға арнаған өлеңін оқып беріп, қара домбырамен ән әуелетті. «Көңілім әнді ұғарсың…» бөлімінде Абайдың «Көзімнің қарасы», «Желсіз түнде жарық ай» әндері жанды дауыста орындалды.

  Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орайластырылып «Асыл сөздің – алдаспаны» тақырыбындағы іс-шараның ұйымдастырылуы мен өту барысын басынан-аяғына дейін тамашалаған аудандық білім бөлімінің жауапты мамандары жоғары бағалап, мектеп ұжымының жұмысына сәттілік пен табыс тіледі. №9 Абай атындағы орта мектептің директоры Жанар Өтегенова Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойына арналған ірілі-ұсақты шаралардың алдағы уақытта да жалғасын табатынын, оқу кабинетінен ұлы ақынға арналып музей жасақталып жатқанын қуанышпен жеткізді.

Қорыта келгенде, қазақ халқының көзін ашуға, ағартуға, тұтас ұлттың қамын жеп, халықтық қалпын сақтауға, ғылым мен білім, өнер мен кәсіп үйренуге шақырып, сол жолда бар ғұмырын сарп еткен дана, хакім Абайдың аты мен артына қалдырған мұралары қазақ халқымен бірге жасай бермек… Осындай асыл тілекті қасиетті Қошқарата ауылында өткен Абайдың тойына қатысқан азаматтардың көкірегіне түйіп қайтқаны анық.