Осыдан екі жыл бұрын Отан алдындағы қасиетті борышын адал және абыроймен атқарып, еліміздің тыныштығын қорғау жолында қызмет еткен таулы егерлік ротасының жауынгерлері аға лейтенант Машабаев Әлішер Қырықбайұлы, кіші сержант Қыдырбаев Мақсат Тұрарұлы, Ерісбаев Әуесбай Көмекбайұлы, Арапбаев Әмір Жаңабайұлы, эфрейтор Махамбетов Мұхит Балмағамбетұлы, қатардағы жауынгерлер Кеңес Тілеужан Қуатжанұлы, Шәкен Мақсат Құманғазыұлы әскери борыштарын атқару барысында қар көшкіні астында қалып, қаза тапқан болатын.

91678 әскери бөлімінде қаза тапқан жауынгерлерді еске алуға арналған кіші футболдан турнир өтті. Ауқымды шараға Халық Қаһарманы, генерал-лейтенант Бақытжан Ертаев, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің кадр департаментінің бастығы, генерал-майор Қайрат Көпбаев, «Оңтүстік» өңірлік әскерлері қолбасшысының бірінші орынбасары, штаб бастығы полковник Абай Жолдасов, аудан әкімі Нарбай Ергебеков әскери қызметшілер мен қаза болған жауынгерлердің ата-аналары, жұбайлары мен ұл-қыздары қатысты.

Шара жауынгерлерге қойылған ескерткішке гүл қою рәсімінен басталды. Шараға қатысушылар жауынгерлерді үнсіздікпен еске алды. Осы арада Бақытжан Ертайұлы қаза тапқан жауынгерлердің рухына бағыштап, құран оқыды.

Тағылымды шара футбол алаңында турнирмен жалғасты.Ойын қорытындысы бойынша «Үздік шабуылдаушы» аталымын ҚР Қорғаныс министрінің кадр департаментінің командасының ойыншысы Болат Оспанбеков, «Үздік қақпашы» аталымын Әнуар Жүнісов, «Үздік ойыншы» номинациясын таулы егерлік ротасының командасының ойыншысы Бауыржан Сұлтанбеков иеленді. Ал ойынның жүлделі орындарын, яғни бірінші орынды таулық егерлік ротасының командасы, ІІ орынды ҚР ҚМ кадр департаментінің командасы, ІІІ орынды 03811 әскери бөлімінің командасы жеңіп алды.

 

Жеңімпаздарды турнирдің құрметті қонақтары марапаттады. Жиын соңында қайтыс болған сарбаздарға арналып ас берілді.