Еліне адал қызмет еткен азаматтардың бірі Билікөл ауылының тумасы Кашкеев Бекберді Еркебайұлы болатын. Сегіз қырлы, бір сырлы болған ел азаматы спорт шеберлігімен қатар әншілік, ақындық қасиеттері де болған.Бүгін туған жері Қарабастау ауылы, Қошмамбетов мектебінен арнайы кабинет ашылып, Бекберді Еркебайұлының есімі берілді.

Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков ашып, құттықтау тілегін білдірді. Іс-шараға Алматы облысының, Жуалы ауданының «Құрметті азаматы», Генерал, Қарабастау ауылының төл перзенті Ғабит Миразов, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облыстық департамент басшысының орынбасары Нұрлан Еркебаев, Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесінің төрағасы Сембек Сейдазимов және Бекберді Кашкеевтың бауырлары, жары мен қыздары арнайы келіп, алғыстарын айтты.

Жиын барысында Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында чемпион атағын алып келген Архат Әнуарбекке жерлестері ат мінгізіп, жеңісімен құттықтады. Шара дзюдо күресінен облыстық турнирмен жалғасты. Жарысқа 7 салмақ дәрежісі бойынша Қарабастау ауылы, Жамбыл, Жуалы, Талас, Сарысу, Байзақ ауданы мен Тараз қалаларынан 80 ге жуық спортшы қатысты.

Жарыс нәтижесі бойынша 46 келі салмақта Ерсін Бизек, 50 келіде Жасұлан Сәттібаев, 55 келіде Айдын Мәдібек, 60 келіде Нұрдәулет Мұқатаев, 66 келіде Арнұр Айтмахан, 73 келіде Дәуіржан Мектепбергенов, 81 келіде Ерасыл Сланбектер жеңіс тұғырынан көрінді. Ал әйелдер арасындағы күрестен Эльмира Юсупова қарсылас шақ келтірмеді. Жеңімпаздарды шараға келген қонақтар құттықтап, бағалы сыйлықтар тапсырды.