Талас ауданы Ақкөл ауылында қазақ күресінен облыс чемпионы, талай дүбірлі додада атой салған Руслан Ниязқұловты еске алу турнирі өтті. Жарыста 10 ауылдық округтен жиналған жасөспірімдер өзара мықтыны анықтап, боз кілемде тартысты кездесулер өткізді. Шараны ұйымдастырушылар осылайша палуанның есімін ел есіне тағы бір салып, жастарды спортқа баулуды ойластырған екен. Толығырақ тілшіміз баяндайды  

Руслан Ниязқұлов қазақ күресінен облыстық, республикалық жарыстардың жеңімпазы болатын. 1980 жылдары Руслан және басқа да ақкөлдік палуандардың аты көпке жақсы таныс болатын. Бірге жаттыққан спортшылар оның бойындағы қайсар мінез бен тамаша техникасын ерекше атап өтеді. Шараға спорт саласы мамандары, ардагерлер, спортшылар, марқұмның достары мен туыстары қатысты. Қатарластары осы жарыс арқылы өмірден ерте кеткен құрдастарының рухына тағзым етуді көздепті.

Қымбат КӨПЕЛБЕКОВА Ы.АЛТЫНСАРИН АТЫНДАҒЫ ОРТА МЕКТЕПТІҢ ДИРЕКТОРЫ

Руслан талай марте жеңімпаз атанған палуан. Осы досымыздың өмір жолын жастарға үлгі ету мақсатында осы турнир ұйымдастырылып отыр.

Бұл күні боз кілемде ауданның барлық округтерінен жиналған жасөспірімдер бақ сынасты. Әрбір кездесу тартысты өтіп, спортшылар көпшілікті әсерлі әдістерімен таңқалдырды.

 Абзал ТІЛЕУБАЕВ АҚКӨЛ АУЫЛЫНҢ ӘКІМІ

8 аудан қатысып отыр. Бұндай турнирлер ауылымызда коптеп болып турады. Турнирлер жиі болса жасөспірімдерді де спортқа бейімдеуге септігі коп.

Жарыс барысындаауданда қазақ күресінің дамуына үлкен көңіл бөлініп келе жатқандығы бірден байқалды. 10 салмақ дәрежесі бойынша өткен турнирге қатысқан жастардың өнеріне көз тояды. Сайыс қорытындысы бойынша жеңімпаздарға бағалы сыйлықтар мен алғыс хаттар тапсырылды.

 Жандос БАҚЫТҰЛЫ / ЖЕҢІМПАЗ

Менің арманың әлем чемпионы болу. Сол жолда шынығып келемін. Менің бүгінгі қарсыластарым да мықты. Бирак мен жеңіп шықтым.

Осындай жарыстар талай жеткіншекті жеңіске жетелеп, өмірден өз орнын табуға жол ашатыны ақиқат. Сондай-ақ, спортты жанына серік етіп, өз тәжірибесі арқылы талай саңлаққа үлгі бола білген Руслан Ниязқұлов секілді азаматтардың да есімдерін бір сәт еске алуға да сеп болматыны сөзсіз.