Тұрар Рысқұлов ауданы әкімі Е.Садырқұловтың бастамасымен аудан жастары арасында өңір туризмін,оның ішінде экотуризмді дамыту аясында ауқымды шара басталды.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында және Жамбыл облысының құрылғанына 80 жыл, Алаш арысы Тұрар Рысқұловтың туғанына 125 жыл толуына орай «Туған өлкем-тұнған шежіре»атты тарихи-танымдық экспедиция бір жылдық жұмысын бастады.

Экспедиция мүшелерімен бірге аудан әкімі Е.Садырқұлов пен өлкетанушы,тарихшы Б.Әлі Қарақыстақ шатқалының тарихи орындарында болып,өлке тарихын таныстырып,жастармен бірге үш км шақырым тау сілемдерін жаяу аралап, табиғат аясында отандық туризмді дамыту туралы жастармен ой бөлісті. Өлкетанушы,тарихшы, зерттеуші, ауданның Құрметті азаматы, «Парыз»қоғамдық бірлестігінің төрағасы Әлі Бекқұлы Әліұлы жастарға Ұлы Жібек жолы бойында орта ғасырда өмір сүрген Қарақыстақ қалашығы туралы мол мағлұмат берді.

Тау сілемінің әр тасында тарих жатыр, биік жартастағы петроглиф жазулар, «алғашқы адамның табаны тиген жер» атанған төбе, түрлі тарихи атаулары бар жоталар мен төбелердің әлі де толық зерттелмегенін ескерсек,бұл-алдағы уақытта көңіл бөлетін ерекше дүниелер.  Қарақыстақ қалашығы Ұлы Жібек жолы бойында орын тепкен ортағасырлық қалашық,тарихы тым тереңде, алғашқы адамның табаны тиген төбесі бар, жартастарында тасқа қашалған жазулары бар,тарихы әлі толық зерделенбеген құпиясы бойында жатқан киелі өлке.

«Туған өлкем-тұнған шежіре»атты тарихи-танымдық экспедиция аясында Қарақыстақ шатқалының керемет табиғатын бейнелеуден конкурс та ұйымдастырылды. Жастар үш топқа бөлініп, 5 номинация бойынша сайысқа түсті.