Аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның базасында «IQanat» ауыл мектептеріне арналған білім беру бағдарламасы аясында 9 сынып оқушылары арасында республикалық «IQanat» олимпиадасы өтті.

Аталған оимпиада елімізде биыл екінші рет ұйымдастырылуда. Үстіміздегі жылдың 30 маусымы мен 5 шілдесі аралығында Нұр-Сұлтан қаласында Назарбаев университетінде І республикалық «IQanat» ауылдық мектеп оқушылары үшін ұйымдастырылған слетке барлығы 701 ауылдық мектептің 9 сынып оқушылары қатысып, төрт пән бойынша олимпиаданың 12 жеңімпазы анықталды. Жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен қатар, Қазақстанның және әлемнің беделді жоғары оқу орындарына грантқа түсуге мүмкіндік алды.

Олимпиадаға облысымыздан 10 ауданнан 40 оқушы қатысты. Алдағы екі жыл бойы осы 40 оқушы «IQanat» білім қорының қолдауымен Ұлттық бірыңғай тестілеуге EDUCON қосымша білім беру компаниясының көмегімен тегін дайындалуда. Олимпиаданың марапаттау рәсімінде ұйымдастырушы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы қорының атқарушы директоры, олимпиада қонағы Әсет Исекешев: «Елбасы қоры ел болашағы үшін маңызды бірқатар бастамаларды қолға алды. Оның бір бағыты талантты, дарынды жастарды жүйелі түрде қолдауға арналған. Мысалы, ауыл жастарын қолдайтын «Мың бала» жобасы іске аса бастады. Оның аясында жыл сайын ауылдың дарынды бір мың баласына грант бөлініп, олар білімін үздік мектептер мен жоғары оқу орындарында шыңдайтын болады. Бұл сіздерге асқақ арман, өмірлік биік шыңдарды бағындыруға көмектеседі» деген болатын. Олимпиаданың ашылуы мектеп-гимназияның спортзалында болды. Олимпиадаға аудан мектептерінен 288 оқушы қатысты. Олимпиада мектеп оқушыларының патриоттық рухтағы әндерге дайындаған флешмобымен басталды. Мемлекетіміздің Әнұраны орындалды.

Алғашқы сөз кезегі облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жәмилә Бекбатыроваға берілді. «Өткен жылы өткен олимпиаданың нәтижесінде республика бойынша ауыл мектебінің 12 оқушысы алдыңғы қатарлы қазақстандық және шетелдік жоғары оқу орындарына гранттарға түсті.  Олимпиаданың қорытындысы бойынша олимпиадаға қатысқан 14 облыстың ішінен Жамбыл облысы ең көп жүлделі орынға ие болды. Қабылданған 100 оқушының ішінде 10 оқушы біздің облыстың балалары, ең жоғары көрсеткіш көрсеткен 12 оқушының үшеуі біздің облыстың оқушылары,- дей келіп Жәмилә Елеуқызы олимпиаданың сәтті өтуіне тілектестігін білдірді.

Олимпиаданың алауын жағу мәртебесі өткен оқу жылындағы олимпиадаға қатысып, Бурабайда ашылатын «IQanat Kazakh Ehglish High School» мектебіне 2020 жылы білім алуға грант ұтып алған жуалылық, яғни Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Қанағат Сәбитке берілді. Қанағаттың жанында олимпиадаға қатысып, жақсы көрсеткіш көрсеткен оқушылар №1 мектепгимназияның оқушысы Шолпан Жақсылықова, Т.Рысқұлов атындағы орта мектептің оқушысы Бақдәулет Киікбай, Амангелді орта мектебінің оқушысы Кәмилә Керімжан жүрді. Мектеп-гимназияның оқушысы Халық Нұртілеудің орындауындағы «Қазақстаным!» әнімен олимпиаданың алауы жағылды. Көп ұзамай оқушылар өздері таңдаған пәндері бойынша сыныптарға кіріп, білімдерін сынауға кірісті. Оқушыларды ««IQanat» білім қорының Жамбыл облысы бойынша үйлестірушісі Толқын Нартаева түсіндіріп өтті.