фото: mgov.kz

Тараз. 77 news. Биыл өңірде жұмыссыздық  көрсеткіші 4,8 пайызға төмендеп отыр. Бұл мемлекеттік сындарлы саясаттың жемісі екендігін атап өтті, облыс әкімдігінің аппарат отырысында. 2017 жылы кәсіптік оқытуға 1 млрдтан астам қаржы бөлінген екен. Нәтижесінде 6412 азамат қайта даярлау курстарында білім алуда.

Сондай-ақ,«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын қаржыландыру мөлшері жылдан жылға артып келеді. 2016 жылы бюджет бүйірінен  6,2 млрд теңге бөлінсе, биыл бұл бағытқа 9,6 млрд теңге қарастырылыпты. Бүгінде жүйелі жоба аясында 14 405 тұлға екі қолға бір күрек тапқан.

Ауыл шаруашылық басшысы Нұржан Нұржігітовтың айтуынша,  аталмыш бағдарламаның 2-ші бағыты 100 пайызға толық орындалған. Сөзі дәлелді болуы үшін  кездесуде  көкейге қонымды көрсеткіштерін, дәйекті деректерін кеңінен талқылады. Айтуынша, ағымдағы жылы 48 кооператив құрылып, оған 3000-ға жуық агросала өкілдері қамтылған. Сонымен бірге «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» арқылы, ет бағытында 1360, сүт бағытында 6110 ірі қара алыныпты. Нәтижесінде, сүт өнімдерін өңдейтін кәсіпорындар жұмысы 65-70 пайызға жақсарған.

Жүйелі жоба «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы шеңберінде облыста шағын несиеге 2,6 млрд теңге бөлінген екен. Бұл бағытта мақсаты айқын 488 аудан азаматтары несие алып, 132 жаңа жұмыс орны ашылған.

Дегенмен, шешілмей тұрған түйткілді мәселелер де жоқ емес. Мәселен қалалы жерден қаржы алуға ниет білдіргендер діттеген мақсатқа қол жеткізе алмапты. Бұл жай, Банктердің кепілдік мәселесіне байланысты болып отырған көрінеді. Сонымен қатар, бүгінде берілген қаражатты мемлекетке қайтару да аудан басшыларының назарынан тыс қалған. Облыс басшысы салғырт жұмыс істеген мұндай мамандарға көңілі толмайтынын ашып айтты.

Алқа жиынды қорытындылай келе облыс басшысы ағымдағы жылы жоспарлы жұмыстарды тиянақты аяқтауды тапсырды. Сонымен бірге аудан мен басқарма басшыларына аталған мәселелерді халықпен жүздесіп бірлесе отырып шешуді шегелеп тапсырды.