Жамбыл облысының 80 жылдығы аясында ауылдарда да бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандар ел игілігіне тапсырылып жатыр. Мәселен, бүгін Тұрар Рысқұлов ауданы Қорағаты ауылының халқы қуанышқа бөленді.

Елдімекенде дәрігерлік амбулатория  өз жұмысын бастады. Енді ауыл жұрты емделу үшін аудан орталығына сабылмайтын болды. Мерейлі мерекедегі игі іске арна тілшілері де куә болып қайтты. Санат Аралбек әңгімелесін.

Халықтың денсаулығы мемлекеттің басты байлығы. Сондықтан да билік бұқараның  жағдайын жасауда жүйелі жұмыстарды атқарып келеді. Мерейлі мерекеде бұл шарапаттан шалғайдағы ағайын да тысқары қалмады. Қорағаты ауылдық округінің тұрғындары бір жасап қалды.  Қабырғасы қақырап, құлауға шақ қалған жарамсыз медициналық пунктің орнына жаңасы соғылып, ел игілігіне берілді. Енді мұнда бес бірдей елдімекен халқы медициналық көмекке жүгіне алады. Су жаңа нысанда 6 дәрігер халыққа қызмет  көрсетеді.