Кәсіпкерлік – өмір өзегі. Соңғы жылдары шағын және орта бизнестің кең қанат жаюына мемлекет тарапынан зор көңіл бөлініп отыр. Әсіресе, кәсіпкерлік саласына талапты жастар көптеп келіп, бақтарын сынап жатқаны көңіл қуантады. Қолынан іс келетін жуалылық талапты жастың бірі — Қаламқас Әлиева былтырғы жылы аудан орталығынан «Алиева Қаламқас» деп аталатын әсемдік студиясын ашқан.

Жақында аталған студияның ашылып, клиенттерге қызмет көрсете бастағанына бір жыл толды. Осыған орай «Несібелі» мейрамханасының бір шетінде орналасқан Қаламқас Белібайқызы басқаратын әсемдік студиясының қызметкерлері 20-дан аса клиентке бір күн бойы тегін қызмет түрлерін ұсынды.

Халқымыздың бойынан табылатын қайырымдылық қағидаттарын терең ұстанатын Қаламқас Белібайқызы сол күні мүмкіндігі шектеулі азаматтарға, тұрмысы төмен отбасыларының мүшелеріне тырнақ әрлеу, кірпік өсіру, визажист, шаш қию бойынша тегін қызметтердің түрлерін ұсынды . Айта кету керек, қайырымдылық шарасына «Інжу» аэродизайн орталығының басшысы Ақбота Ақшекеева да атсалысып, студияны безендіру жұмыстары бойынша өз қызметін ұсынып отыр. Қайырымдылық шарасының салтанатты ашылуында аудандық «Жастар ресурстық орталығы»  мекемесінің директоры Мейіржан Телеушов, Б.Момышұлы ауылы әкімінің орынбасары Затыбек Пашенов, бас маманы Темірхан Қалиев, Қаламқас Әлиеваның анасы Зүбайра Ақшекеева қатысып, қайырымдылық акциясын ұйымдастырған Қаламқас Белібайқызына алғыс білдіріп, алдағы атқарар жұмыстарына сәттілік тіледі. Әрі қарай студия қызметкерлері бірқатар мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен отбасылардан шыққан азаматтарға тегін қызмет көрсетті.

-Әсемдік студиясының ашылғанына бір жыл толуына орай қайырымдылық шарасын жасауға ниет етіп, бүгін қызметкерлермен бірге осы шараны атқарып жатырмыз. Клиенттер алдын ала жасалған тізім бойынша қабылданады. Адамдарға қайырымдылық жасап, мейірімділік танытып, қолыңдағы барыңмен бөлісіп, жан-жағыңа шапағатыңды тигізгенге не жетсін! Бір жағынан тұрғындардың, үлкендердің батасын аласың. Бұл да біздің жұмысымыздың берек елі болуына өз септігін тигізеді деген сенімдемін. Әсемдік студиясында менімен бірге тоғыз қызметкер клиенттерге қызмет көрсетеді. Нұрсұлу, Сания, Мақпал, Әсел, Ақбота, Шапағат, Ұлдана, Гүлнара, Шалқар есімді мамандарды өз ісінің хас шеберлері деуге б олады. Қайырымдылық шарасын әсемдік студиясының бір жылдығына, сонымен қатар Жамбыл облысының 80 жылдығына орайластырып отырмыз, — дейді Қаламқас Белібайқызы.