Аты аңызға айналған батыр Бауыржан Момышұлының өмір жолы, сұрапыл соғыс жылдарындағы жанқиярлық ерлігі, өжеттігі мен өрлігі, алғырлығы мен көрегендігі  біле білгенге ұлы тәрбие, үлкен өнеге мектебі. Осынау дара тұлғаның бүкіл саналы ғұмыры, ғибратқа толы істері, жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері, терең мағыналы ойлары әркімнің көкейінде.

Бауыржан Момышұлы – адамгершіліктің, азаматтықтың, патриоттықтың, имандылықтың нағыз символы. Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы жеке басы ойшылдығымен, отаншылдығымен, ұлтжандылығымен, қаһармандылығымен, дарындылығымен, жоғары адамгершілік қасиеттерімен елеулі. Баукең – әлем халқының ортақ перзенті дәрежесіне дейін көтерілген азамат. Бауыржан Момышұлы – соғысты өз көзімен көрген суреткер. Батыр Бауыржанның айтар ойы, жазар тақырыбы – соғыс шындығы екендігі бәрімізге белгілі.

Соғыста 207 рет шабуылға шығып, бірнеше рет жараланып тірі қалғаны, өмір бойы ешкімге бас имей, тек халқының қамын ойлап, болашағы үшін күресіп өткені – біз үшін үлкен тұлға екендігі сөзсіз.

24 желтоқсан – даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының батыры, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының туғанына 109 жыл толуына орай Талапты ауылындағы Батыр атын иеленген № 22 орта мектепте құрылған «Бауыржан ұландары» ұйымы мен аудандық «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің ұйымдастыруымен «Ел аузында ерлігі – аңыз, аты  — жыр, халқымыздың мақтанышы – Батыр ұл» тақырыбында өнеге сағаты өтті.

Жиынға аудан аумағында орналасқан №91678 әскери бөлімшесінің сарбаздары, ауыл ақсақалдары, Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейі қызметкерлері мен қонақтар шақырылды. Шара мектеп алдындағы Бауыржан Момышұлы бюстіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды.

Әрі қарай жиналғандар мектепте Баукеңнің 100 жылдық мерейтойына орай ашылған Батырдың музейіне бас аялдады. Мұнда «Бауыржан ұландары» ұйымының мүшелері Батырдың өмірі мен қызметінің әр кезеңінен тақпақтар мен арнау өлеңдерін оқыды.

Өнеге сағаты мектептің мәжіліс залында жалғасын тауып, ауыл ақсақалы Құдайберген Медербаев Баукең басқарған батальонның Мәскеу түбіндегі шайқаста шешуші рөл атқарғанын, оның соғыс тактикасын жете меңгерген стратег екенін көрсетсе, «Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің директоры Мейіржан Телеуішов Бауыржан Момышұлының соғыстан кейінгі кезеңде қаруын қаламға айырбастап, жас ұрпаққа сарқылмас рухани мұра қалдырғанын тілге тиек етті. Ал Бауыржан Момышұлы мемориалдық музейінің ғылыми қызметкері Сағадат Шілдебайұлы музейде Батырдың өмірі мен әскери қызметі туралы мәліметтерге сүйеніп, тағылымды, ғибратты әңгіме шертті.

Шара барысында мектептің «Бауыржан ұландары» ұйымының мүшелері Баукеңнің өмірі, ерлік туралы тақпақтар, әндер шырқап, көрерменге сахналық қойылымдар ұсынды. Соңынан № 91678 әскери бөлімнің сарбаздары да өз өнерлерін көрсетті.