Фото: sez.kz

Тараз. 6 желтоқсан. 77 news – Бүгін Елордада  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Жаңа индустрияландыру: «Қазақстан барысының қадамы» атты ұлттық телекөпір өтті.

Шара барысында еліміз бойынша жаңа индустриалды-инновациялық, инфрақұрылымдық, энергетикалық, агроөнеркәсіптік жобалар іске қосылды.  Атап айтар болсақ, «Қазақалтын Технолоджи» компаниясы,  Ақсу ауылында алтын өндіру фабрикасы,  Ақтөбе облысында машина жасау және металл өңдеу секторында мұнай-газ жабдықтарын өндіру және құбырлар шығаратын «Қазақстан мұнай жабдықтары» ЖШС зауыты ашылды. Ал Атырау облысында роботты дәнекерлеу әдісімен металл жабдықтар өндірісі іске қосылды

Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан облысында «Маслодел» ЖШС тамақ өнеркәсібінде және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеуде «Тетра Пак» жоғары технологиялық жабдықтармен жабдықталған сүт зауыты ашылып, Батыс Қазақстан облысында «Жайық Агро» ЖШС-де жаңа құс фабрикасы өз жұмысын бастады.

Жамбыл облысы Мойынқұм ауданы Ақбақай ауылында «Алтыналмас» кәсіпорынында «Цирлық рудник» іске қосылды. «Алтыналмас» АҚ 2014 жылы өндіріс картасы аясында 21,5 млрд. теңгеге құрылған. 2016 жылы  1,7 тонна алтын өндірілген.    «Ақбақай  КБК» ААҚ-ға «Ақбақай» жерасты кеніші, алтын рудасын өндіру бойынша кен орны, қуаттылығы жылына 220 мың тоннаны құрайтын байыту фабрикасы, қуаттылығы жылына 12 мың тонна алтын және күмісті құрайтын   электрометаллургиялық цех кіреді. Сонымен қатар «Доре-Дюбек» зауыты бар. Бір жылда құрамында алтыны бар кеннің  1 млн тоннасы өндіріледі.   Осы жылдың 10 айында «Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалы бюджетке  1,4 млрд. теңге салық құйды. Кәсіпорында мыңнан астам адам жұмыс істейді. Олардың жартысынан астамы Ақбақай кентінің тұрғындары.

Ал Алматы облысында «Psi Stroy Industriya» ЖШС металл конструкцияларын шығаратын зауыт, әрі «Коринская» ГЭС-і өз жұмысын бастады.

Сондай-ақ, телекөпір барысында Қарағанды облысында қуаттылығы жылына 50 мың бірлікке дейін жететін көліктерді қайта өңдеумен айналысатын «Recycling Company» ЖШС өз жобасын іске қоспақ. Сонымен қатар шарада Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамыту және Еуразия құрлығындағы логистикалық торапты құру жобасын іске асыру мақсатында Мемлекет басшысы Маңғыстау облысындағы Құрық порты паромдық терминалының бірінші кезеңін іске қосты.

Астанадағы жалпыұлттық телекөпір барысында Шымкентте «Ақтау-Бейнеу» автомобиль жолының Шетпе жобасы пайдалануға берілмек. Бұдан басқа, «Еуразиялық топ» (ERG) өндірісті технологиялық жаңарту жобасы шеңберінде Қостанай облысының Қашар кенішінде «ақылды» карьерді, «Қазмырыш» корпорациясы Шығыс Қазақстан облысындағы Малеев кен орнында «Pitram» жүйесін іске қосылады деп жоспарлануда. Сонымен қатар Алматыдағы «Инновациялық технологиялар паркінде» дербес кластерлік қордың «Сандық зертханасы», Астанадағы «Назарбаев Университетінде» робот техникасының зертханасы ашылады деп күтілуде.

Жалпыұлттық телекөпір барысында Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігінің стандарттарына сәйкес өз авиалайнерлері мен басқа да әуе компанияларының ұшақтарына техникалық қызмет көрсететін «Эйр Астана» авиациялық техникалық орталығы жұмыс істей бастады.

Жиын барысында айтылғандай, жалпы жыл басынан бері елімізде 1,9 триллион теңгелік 127 жоба іске қосылып, 10 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылған.