Әдетте, қыс мезгілі мен қолайсыз ауа райы  көлік жүргізушілерін әбігерге салады. Ал полиция қызметкерлері  жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қосымша шаралар қабылдауда. Осыған орай ағымдағы жылдың 14 қаңтарында Жамбыл облысы Полиция департаментінің Әкімшілік полиция басқармасы жол және техникалық инспекция бөлімінің бастамасымен «Жамбыл облысының  көлік жолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы»  жиын өтті.

Кездесуге қатысушылар облыстың  көлік жолдарында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданып жатқан шараларды талқылап, Жамбыл облысы  Полиция департаменті бастығының бұйрығымен бекітілген «Жол картасы» ведомстволық бағдарламасы аясында жоспарланған іс-шаралар тізбесі қаралды. Талқылау қорытындысымен  жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жол инфрақұрылымын жақсарту мақсатында «Жол картасы» бойынша іс-шаралар жоспарлауды жалғастыру туралы шешім қабылданды. Себебі соңғы кездері адам өміріне қауіп қоғамдық көліктерден келіп отырғаны туралы дабыл қағылып, жолаушы тасымалдау саласына жіті көңіл бөлу керектігі айтылып келеді. Осы ретте аталған саладағы түйткілді мәселелердің көтерілуі, ескертпелер мен ұсыныстар назарға алынып, тиісті деңгейде шешілсе, халықтың саулығы мен амандығы сақталары анық. Сонымен қатар қызмет көрсету сапасы жақсарып, тасымалдау саласындағы мамандардың әлеуметтік мәселелері оң шешілері де сөзсіз.