Облыс жолдарында  «Арқан» мобильді кешені 20 қаңтардан жұмыс істей бастады. Бұл еліміз бойынша Жамбыл облысында қолға алынып отырған жоба, — деп хабарлайды 77news.kz АА тілшісі.

Мобильді кешен облыстың жол-көлік оқиғасы көп орын алатын аумақтарында қызмет көрсетеді. Сондай-ақ автоматтандырылған режимде полиция қызметкерлерінің қатысуынсыз бақылау жүргізеді.  Кешенді қолданысқа енгізу арқылы  жолдағы апаттылық деңгейін төмендетуге қол жеткіземіз дейді мамандар. «Арқан» мобильді кешені жолдың бақыланатын аймағы арқылы өтетін барлық көліктердің нөмірлік белгілерін, түсі мен маркасын тануға, белгіленген жылдамдықты арттыру деректерін тіркеуге қабілетті екенін атап өту керек.

Сонымен қатар бұл құрылғының көмегімен айыппұл туралы ақпараттар деректерді өңдеу орталығына және Бас прокуратураның әкімшілік өндірістерінің бірыңғай тізіліміне автоматты түрде жіберіледі. Полиция қызметкерінің жүргізушімен қарым-қатынасын болдырмай, сыбайлас жемқорлықтың жолын кесуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, көлік құралының танылған нөмірлік белгісі бойынша полицияның іздестіруінде немесе жүргізушінің бұрын жасаған әкімшілік құқық бұзушылығы үшін борышкерлер тізімінде болуы автоматты түрде тексеріледі.  Мамандар аталмыш кешен өз тиімділігін дәлелдеді деп отыр. Өйткені, қысқа мерзімде жылдамдықты асыруға байланысты 5740 құқық бұзушылық анықталған.