Т.Рысқұлов ауданы әкімі Ерболат Салқынбекұлы Садырқұлов ауданда 2019 жылы атқарылған жұмыстар туралы халық алдындағы алғашқы есебін Қорағаты ауылдық округіне қарасты Қорағаты, Аққайнар, Мамыртөбе ауылдары мен Қорағаты станциясы жұртшылығымен кездесуден бастады, — деп хабарлайды 77news.kz AA тілшісі.

Есепті жиында ауылдық округ әкімі Бақытбек Аблазимов 2019 жылы атқарған жұмысы туралы есеп берді. Халық тарапынан ауылда атқарылған жұмыстарға оң баға берілді. Халық алдында сөз алған аудан әкімі Е.Садырқұлов ауданның әл-ауқаты мен экономикасының дамуы бойынша өткен жылға талдау жасап, қол жеткен табыстар мен ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстары мен жоспарларын жариялады. Ауылдық округтен қатысқан ауыл тұрғындары аудан әкімінің атқарған жұмысына оң бағасын беріп, ризашылықтарын білдірді.

Көтерілген басты мәселелер төңірегінде аудан әкімі Е.Садырқұлов халыққа өз тарапынан қолға алынатын шаруалар туралы айтты. Тұрғындар тарапынан қойылған жол жөндеу туралы, көшеде босып жүретін иттер туралы сұрақтары бойынша сала мамандары заңнамалық талаптарды түсіндіре отырып, тиісті жауаптарын берді.