Фото: 77TV

Тараз. 77news — Жамбыл облысында қант қызылшасын өсіретін шаруа қожалықтардың мәселесі шешімін тапты. Яғни, шаруаларға 1 млрд.теңгеден астам қарызы бар «Меркі қант зауыты» наурыз айына дейін ақшаны толық өтемек. Бұл туралы облыс әкімі ауыл шаруашылығы мамандарымен кездесуінде мәлімдеді. 

Жиында алдымен  шаруаларды алаңдатқан мәселе шешімін тапты. Меркі қант зауыты диқандар алдындағы қарызын наурыз айына дейін толық өтейміз деп уәде берді. Егер бұл орындалмаса, облыс әкімі қатаң шара қолданатынын жеткізді. Осылайша ашуға булығып, еңбекақысын ала алмаған аграномдардың  көңілі орнына түсті.

Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер өзекті мәселелерін жедел шешілуіне ықпал еткені үшін өңір басшысына алғыстарын білдірді.

Кездесуде облыс әкімі шаруалардың алдында үлкен міндет тұрғанын атап өтті.  Алдымен мал басын көбейтіп, сүт көлемін ұлғайту  бағытында жұмысты қарқынды жүргізу керек деді.  Мұнан соң,  шетелден келетін азық-түлікті азайтып,  отандық өнімге көңіл бөліп, сапасына мән беру керектегін ескертті.Сонымен қатар, жердің  құнарлығын сақтап, бос жатпауы үшін сала мамандарына зерделеу жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Жиын барысында аймақ басшысына  шаруалар сауалдарын жолдап, жауап алды. Өз кезегінде, Бердібек Машбекұлы  ауыл шаруашылығы мамандарының  бастамаларына  қолдау көрсетілетінін жеткізіп, бірлесе жұмыс істеуге шақырды.