Фото: 77news

Тараз. 7желтоқсан. 77 news – Тараздың қысы биыл қаһарын ерте көрсетті. Соңғы 5 күнде 130-ға жуық адам көктайғақтан жапа шекті. Оның 27-сі  жол-көлік оқиғаларымен байланысты болған. Ал, синоптиктердің айтуынша, алдағы уақытта Жамбыл өңірі үскірік аяз  бен қалың тұман құрсауында болмақ, деп хабарлайды 77news.

Ауа райының күрт сууы облыс тұрғындарын абдыратып тастады. Желтоқсан айы басталғалы күн райының күрт өзгеріп, көктайғақ болуынан облыс орталығында 127 адам ауыр жарақат алған. №1 Тараз қалалық ауруханасы «Жарақат» бөлімінің меігерушісі Олег Шаюнусовтың айтуынша, қар жауған күннің ертесінде-ақ, жарақат бөліміне орта есеппен алғанда, бір күнде 30 адамнан жеткізілген екен. Бұл былтырғы көрсеткіштен 25-30 пайызға артық болып отыр.

Желтоқсан желінің ызғарынан, айдың алғашқы күнінен-ақ жерді көк мұз басты. Төтенше жағдай департаментінің басқарама басшысы Мақсат Әкімбаевтың сөзінше, қыстың қырсық мінезінен тек жаяу жүргіншілер ғана зиян шекпеген, сонымен қатар көлік жүргізушілері де зардабын тартуда. Сол себепті төтеншеліктер мен ақ халаттылар дабыл қағып отыр. Халықты мұқият болуға, сақтық шараларына шақыруда.

Қыстың қытымыр күндері әлі алда. Сондықтан басы ауырып балтыры сыздаған бұқара, басшылық өкілдерінен жаяу жүргіншілер жолын мұқият  тазалауын сұрап отыр. Ал, жауапты мекемелер өз істеріне жауаптылықпен қарамайынша, қарапайым қала көшесінде жүрудің өзі бұқараның бас ауыртар мәселесі болып қала бермек.