Тараз. 77news — Еліміздегі төтенше жағдайға байланысты білім саласында біраз қиындықтар тудырған қашықтан оқытудың бүгін екінші күні. Аталмыш жүйе негізінде төртінші тоқсанның оқу бағдарламасы 4 тетік бойынша жүзеге асырылуда. Телеарна, радио, пошта және интернет. Алайда, соңғысының жұмысында күні кеше ақаулар шықты. Қашықтан оқудың алғашқы күнінен өткен оқушылар мен ұстаздардың ой-пікірі қандай? Жаңа форматтың артықшылығы қандай?  Кемшілігі неде?   

Қашықтықтан оқыту – әдеттегідей қырық минут көлеміндегі сабақ емес. Мұнда оқытудың әдіс-тәсілдері де, қағидалары да басқа. Қазір бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда. Ал күні кеше техникалық ақаулар мен оқушылардың жаңа жүйеге үйренісе алмауы салдарынан кішігірім қиындықтар туындаған еді. Дегенмен, барлығы дер кезінде қолға алынып, жағдай қалыпқа түсті, — дейді мамандар. Қаладағы Б.Момышұлы атындағы №45 қазақ классикалық гимназиясының ұстазы Қадиша Дербісалиеваның айтуынша, қашықтан оқытудың машақаттары бар. Бірақ, барлығы уақыт өте келе шешімі табылатын мәселелер, — дейді.

фото: 77TV

Айта кету керек, ұстаздар мен балаларға «Балапан» және «Ел-Арна» телеарналарында аптасына бес күн бойы сабақ өткізілуде. Қаратай Тұрысов атындағы №53 мектеп-гимназиясының оқушысы Жамбыл Сейітхан түсінбеген сабақтарын қос арна арқылы пысықтауда. 4 сынып оқушысы: «Қашықтан оқудың қиындығы жоқ. Тек, бір кемшілігі – интернет жүйесінің әлсіз жұмыс істеуі», — дейді.

Ал, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов: «Интернет жүйесінің әлсіздігі – қазіргі таңда қалыпты құбылыс. Себебі, бүкіл әлем бойынша 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда. Біз сыни пікірлерді естіп те, көріп те отырмыз. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн. Өкінішке орай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс.Мен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы кезеңді абыроймен еңсере алатынымызға шын жүректен сенемін», — деп мәлімдеме жасаған еді.

Фарида Сейілханқызы, «77news».