«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған 100 жаңа есімнің қатарына енгендердің бірі —  Жамбыл облыстық қоғамдық кеңес хатшысы Сембек Сейдәзімов. Арнайы сайт оқырмандары үшін  77TV арнасындағы «Кешкі позитив» хабарына берген сұхбатын назарларыңызға ұсынамыз. 

— Армысыз аға, сізді 77 арнасының ұжымы «100 жаңа есім» тізіміне қосылуыңызбен шын жүректен құттықтайды. Жақында Астанаға барып қайттыңыз, елбасымен жүздестіңіз. Алған әсеріңізбен бөліссеңіз?

 — Шыны керек өте үлкен деңгейдегі кездесуден алған әсерім де үлкен болды. Жиынның осыған дейінгі шаралардан ерекшелігі — еркін форматта өтуінде.  Қатысушылар да, мемлекет басшысы да еркін сұхбаттасып, ой-пікір алмасып, үлкендер кішілерге ағалық, аталық ақылын айтты. Кейбіреулер  неге жастар көп, олар соншалықты не тындырыпты деген сауалдарын да қойып жатты. Алайда, жастардың арасында да толайым табысты еңбек еткендер бар екен.  Олар — тәуелсіздіктің құрдастары. Мәдениет, экономика саласын дамытуда барынша өз үлестерін қосып жатыр. Елбасының ойы —  Қазақстанның атын әлемге танытқан сол жастарды  халыққа таныстыру. Мына жоба сол жастардың еңбегін елге көрсетті.

— Демек жобаны сіздерден кейінгі буынға мотивация беру деп ұғынуға болады ғой?

— Әрине, үлкен мотивация. Болашақта ол жастардың барлығы өз орталарында мықты жетекші болады, ал басқалары үлгі алу керек. Сондай-ақ жиында біз секілді орта буын өкілдері де болды. Тәуелсіздіктің алғаш тәй-тәй басқан кезінде аянбай тер төккен, Қазақстанның алға жылжуына аз да болса үлес қосқан. Олардың да төккен терлері ақталды.

— Барлығымыз куә болғандай, «100 жаңа есімнің» негізгі таңдаушысы — халық. Дегенмен нақты тізімнің анықталуына қатысты айтылған сын-пікірлер де жоқ емес. Барлығы әділ өтті деп айта аласыз ғой? 

— Ия, негізгі төрешісі — халық. Жобаға қатысқан 2000 адам 3 кезең бойынша сарапталып, 102 адам ерекшеленіп алынды. Әрине, енбей қалған азаматтардың атқарған қызметі жұмысы аз болды деп айтуға келмейді. Мүмкін олардың танымалдылығы төмен болып, халықтың дауысын аз жинаған шығар. Жобада бармақ басты көз қыстылыққа жол берілген жоқ. Ол — анық дүние.

— Ал «100 жаңа есімнің» қатарына қосылу үшін не істеу керек?

— Халықтың көңіліне шығу ерен еңбекті қажет етеді. Бұқараның сойылын соғып, мұң-мұқтажын айтып, күйін күйттеп,  адал қызмет еткен жанның еңбегі еленбейді деп айту қиын. Жас буын көзге түссем деп емес, мемлекетімді, елімді жерімді көркейтсем деп жұмыс істеуі керек. Біздің ата-бабамыз бойымызға сондай тәрбие дарытқан.

Фото: Ақорда

— Сіздің ел арасында «Атымтай Жомарт» деген де атыңыз бар. Қайырымдылық істеріңіз жайында не дейсіз?

— Бұл маған ата-бабаларымнан дарыған қасиет шығар. Өйткені атам да, әкем де біреуге жақсылық жасауға, қисайғанды түзеуге, құлағанды демеуге даяр тұрған екен. Кейде марқұм анам айтатын тура әке сияқтысың деп.Менің 100 жаңа есімнің қатарына енуім де сол халықтың маған қайтарған жақсылығы деп білем.  Елбасымен кездесуде  жанымда «Халық Қаһарманы» отырды. Өте жас бала ерлік жасап, еңбегі еленген. Мейлі ғой, ол жұмыс бабымен ерлік жасаған шығар. Алайда оның сөзі мен ісі оның ертең де, болашақта да ерлік жасаудан танбайтынын дәлелдеп тұрды.

— Қарап отырсам аға, сол жақ тұсыңызда қыран бейнеленген төсбелгіні байқап отырмын. Бұл елбасы құрметі ма?

— Ия, бұл — сол кездесуде барлығымызға берілген төсбелгі. бұдан басқа екі түрі бар. Мемлекет басшысы жиында сұхбаттасып отырғанымызда сендер барлығың батырсыңдар деді. Сендердің барлықтарың туралы жеке-жеке білемін, сендер кездейсоқ таңдап алынған жоқсыңдар деген сөзін арнады. Біз бүгінде әлемдік дамудың биігіне шықтық, енді шыңына қадам басуымыз керек.

— Сембек аға, сізге «100 жаңа есім» не берді?

— Маған не берді деуге әлі ерте шығар, алайда бұл жоба арқасында мен халықтың ыстық ықыласына бөлендім. Танымалдылығымды арттырды. Кейбірімізді сырттағыларда таниды екен. Жоба бізді үлгі ету арқылы жастарды тәрбиелесе деп ойлаймын. Біз болдық, толдық деуден аулақпыз, болашақта да атқарар ісіміз көп. «100 жаңа есімнің» қатарынан халық мені көргісі келсе маған сенгендігі деп білем. Мен сол сенімнің үдесінен шығу үшін үлкен жауапкершілікпен жұмыс жасаймын.