Фото:turmush.kg

Тараз. 7 желтоқсан. 77news — Биыл облысымыздағы жол жөндеу деңгейін 77 пайызға жеткізу жоспарланғанымен, көрсеткіш 100 пайыз орындалған. Бұл үшін 9,8 млрд теңге бөлінген деп хабарлады облыстық құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы.

Жамбыл облысында тозығы жеткен жолдардың қатары көбейіп барады. Әсіресе соңғы жылдары салынған тас жолдар мерзімінен бұрын жарамсыз күйге түсуде. Мамандар мұндай жағдайдың себебін салмағы 40-60 тонналық ауыр жүк көліктерінің саны өскендігімен байланыстырып отыр. Олқылықтың  орнын толтыру мақсатында жергілікті билік жылжымалы көліктік бақылау бекеттерінің жұмысын жандандыруды қолға алды. Сол арқылы ауыр салмақты жүк көліктерінің қозғалысына бақылау жүргізіліп отыр.

Жалпы, соңғы 6 жылда  облысымыздағы жергілікті маңызы бар автомобиль жолдары мен елді мекен көшелерін жөндеу мен күтіп ұстауға  қазынадан  43,3  млрд теңге бөлінген болатын. Соның арқасында 2016 жылдан бастау алған «Ақыртас» кешендік сарайы мен «Тау самалы» туристік кешеніне  апаратын жолдың құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Тиісінше,  бұл игілікті іс облысымыздағы тарихи-мәдени орталықтарының инфрақұрылымын дамыту және қызмет көрсету сапасын жақсартуына мүмкіндік бергелі отыр.