фото: 77TV

Тараз. 77news — «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында бүгінде Тараз қаласының он бір аумақтық округінде мобильдік топтар құрылып, жұмыс жүргізуде. Олардың мақсаты — инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылау және абаттандыру жұмыстарын жүргізу. Қаланың әр бұрышындағы бей-берекет жарнамалар алынып, бірқатар заң бұзушылықтар да анықталыпты. Сондай-ақ, өз қаласына жаны ашымайтын азаматтар әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл арқалауда.

Инфрақұрылымдық жобалардың сапасын бақылау және аумақтық округтерді абаттандыру, санитарлық тазалығын қадағалау мақсатында құрылған топтар осы уақытқа дейін 374 тонна күл-қоқыс шығарып үлгерген. Аталған топтар құрамында зиялы қауым өкілдері, қалалық ардагерлер кеңесінің мүшелері, облыстық, қалалық мәслихат депутаттары және тағы да басқа сала қызметкерлері бар. Топ мүшелерінің қала халқына өз айтары бар. Жауаптылар шаһар шырайының шырқын бұзып жүрген жандардың азаймай отырғандығын, соған қынжылатындықтарын жеткізді.

Атап айтсақ, топ мүшелері күні бүгінге дейін 1800-ге жуық тал-дарақтарды бұталап, 60-қа жуық арық жүйелерін тазартқан. Сондай-ақ, құрылыс нысандарының қоршаулары қалыпқа келтіріліп, 100-ден аса бей-берекет сауда орындары жойылған. Заңсыз орналасқан дүңгіршектер алынып, қала бойынша 20 мыңға жуық шаршы метр жерлердегі шөптер орылыпты. Одан бөлек, аялдамалардағы заңсыз жарнамалар алынып, сырланып қалыпқа келтірілген.  Мобильдік топтардың аялдамаларды қалыпқа келтіру жұмыстарынан кейін де хабарландырулар, жарнамалар орналастырған  50 азамат анықталып, заң аясында әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — дейді мамандар.

фото: 77TV

Жалпы Тараз қаласында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша 94 жоба жүзеге асырылып, 5664 жұмыс орны ашылады, оның ішінде 2822 жұмыс орнына «Жұмыспен қамту орталығында» ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар жұмыспен қамтылатын болады.