фото: жеке дерек көзі

Тараз. 77news — Жамбыл облысында бүгіннен бастап карантин режимін жеңілдетудің үшінші кезеңі күшіне енді. Алайда, бірқатар облыстарда коронавирустық инфекция ауруларының күрт өсуіне байланысты Жамбыл облысының жедел штабы карантиндік шараларды кезең-кезеңмен жеңілдету туралы шешім қабылдады.

Бүгіннен бастап, алдын ала жазылу бойынша моншадан тыс шаштараздар қайта ашылады. Дегенмен, олардың жұмыс уақыты 10.00-ден 18.00-ге дейін қысқартылды. Одан бөлек, сыйымдылығы 30 адамнан аспайтын жаздық кафелер, дәмханалар сағат  кешкі 8-ге дейін ашық болмақ. Құрылыс материалдары мен шаруашылық тауарларын сататын базарлар таңғы 7-ден кешкі 5-ке дейін жұмыс істейді. Жұмысы қайта жанданатын нысандардың қатарында қонақ үйлер де бар. Бұл тізімге Тараз қаласының аумағында орналасқан түлектерді ҰБТ-ға дайындау бойынша білім беру орталықтары да кіріп отыр. Санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды қатаң сақтау міндетті шарт. Мұны арнайы мобильді топтар қадағалайтын болады. Ал, қоғамдық көлік қозғалысына әлі де рұқсат жоқ.  Блок-бекеттер жұмыс істеуін жалғастыра береді. Айта кету керек, аталған жеңілдіктер COVID-19 таралу ошақтары бар Қордай, Байзақ және Жамбыл аудандарында қарастырылмаған.

Фарида Сейілханқызы, «77news»