фото: 77news

Тараз. 77news — Мұсылман қауымы үшін күндердің қайырлысы — жұма болса, түндердің қайырлысы — Қадір түні. Биыл бұл қасиетті кеш мамырдың 19-нан 20-на қараған түніне сай келіп отыр. Діни наным бойынша, Қадір түні — сауаптар еселеніп жазылатын ерекше түн. Бірақ, карантин шараларына байланысты  жылдағыдай қалың бұқара болып мешіттерде жиналуға әлі де тыйым салынды. Өйткені жұқпалы індеттің қаупі толық сейілген жоқ. Бұл туралы өірдің бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев брифинг барысында мәлімдеді.

Жалпы, мұсылман әлемінде қасиетті кештер мен айтулы күндер жетерлік. Соның ішіндегі ең маңыздысы әрі бірегейі — қасиетті Рамазан айындағы Қадір түні. Бұл түн — жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылатын түн. Осы кеште барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберіледі және  мың айдың сауабын нәсіп етеді. Қадір түнінде мұсылмандар имамдардың уағыздарын тыңдап, көкейлерінде жүрген сұрақтарына жауап алып, көптеген ізгілікті амалдарды үйреніп, таң сәресіне дейін құлшылықпен өткізгені дұрыс. Жалпы, бұл рухани кеш — адамзат баласын бірлікке, бауырмалдыққа, ата-ананы құрметтеуге, отбасы мүшелерімен жақсы қарым-қатынаста болуға шақырады. Айта кетейік, аталған түнге дайындық шаралары еліміздің барлық облыс орталық және аудандық мешіттерінде жүргізіліп жатыр. Көпбалалы, жалғызбасты аналарға, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қайырымдылық жасалып, халықтың ынтымағын арттыру мақсатында уағыз-насихаттар онлайн форматта жүргізіледі. Дегенмен, құлшылық үйлеріне адамдардың көптеп жиылуына әлі де болса тыйым салынады. Дін өкілдері де тұрғындарды баршаға ортақ ережені сақтауға шақырады.

Ұлдана Жұбай, «77news»